12 қыр, 2019 сағат 08:24

ҚР Президенті: Машина жасау – Қазақстанның өндірістік дамуының жарқын мысалы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан машина жасаушыларының VII форумына қатысушыларының жұмысына сәттілік тілеп, құттықтау хат жолдады.

Мемлекет басшысының хатын елордадағы форум барысында көмекшісі Мәулен Әшімбаев оқып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта машина жасау саласы, қосалқы бөлшектер мен құраушылар өндірісінен бастап, өнімнің түпкі түрлерін жасауға көшті: заманауи тепловоздар, электровоздар, жолаушылар және жүк вагондары, астық жинаушы комбайндар, автобустар, жүк және жеңіл автокөліктер, транформаторлар мен басқа да күрделі жабдықтар. Бұл сала әлемдік экономикалық ахуалға сәтті бейімделген және Қазақстанның өндірістік дамуының жарқын мысалы. ХХІ ғасыр төртінші өнеркәсіптік революцияның бастауымен ерекшеленеді. Машина жасау Қазақстанның жетекші салаларының бірі ретінде жаһандық үдерістерімен үзеңгілес жүретініне менің сенімім мол», - деді Президенттің құттықтау сөзін оқып берген Мәулен Әшімбаев.

Өзінің құттықтау хатында Президент машина жасаушылар мен мемлекеттің бірлескен ұмтылысы осы саланың экономиканы жаңғыртудың драйвері болуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Қазақстан машина жасаушыларының VII форумының қатысушыларына жемісті еңбек және алға қойған мақсаттарына қол жеткізуде жетістіктер тілеймін», - делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтанда Қазақстан машина жасаушыларының VII форумы өтіп жатыр. Форумды ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан машина жасаушылар одағы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ ұйымдастырған. Биыл форум «Машина жасау – Қазақстанды индустрияландыру драйвері» ұранымен өтеді.

Жыл сайын форумға Германия, АҚШ, Жапония, Италия, Чехия, Ресей, Қытай секілді ірі 20 мемлекеттің делегаттары қатысады. Осылайша, отандық кәсіпорындар елден шықпай-ақ шетелдік әріптестерімен кездесу өткізуге мүмкіндік алады. 

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда Қазақстан машина жасаушыларының VII форумы өтіп жатыр.