ҚР ИИДМ жанынан Қазақстанның өнеркәсіпті дамыту қоры құрылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Үкімет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қор бизнеске машина жасау саласындағы капиталды қажет ететін өндірістерді дамытуға мүмкіндік береді. Бұл туралы «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ төрағасы Мейрам Пішембаев ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясы барысында айтты.
Машина жасау ел экономикасын өндіріс құралдарымен қамтамасыз етеді, барлық басқа өңдеу өндірістерінің, отын-энергетика, көлік және логистика, экономиканың өңдеу секторы және ауыл шаруашылығы салаларының дамуына ықпал етеді.
Сала жасақтаушы және қосалқы бөлшектерді өндіруден дайын өнім түрлерін шығаруға көшті, атап айтсақ: тепловоздар, электровоздар, жолаушылар және жүк вагондары, жүк және жеңіл автомобильдер, автобустар, астық жинау комбайндары, сорғы жабдықтары, лифтілер.
2000 жылдан бастап Қазақстанда машина жасау өндірісінің көлемі 24 есеге артып, 2018 жылдың қорытындысы бойынша 1,1 трлн теңгені құрады.
М. Пішембаев атап өткендей, Жол картасын қабылдау — отандық машина жасау саласы үшін маңызды оқиға, саланы орта мерзімді перспективада дамытудың стратегиялық көрінісі. Құжат үш китке негізделген.
Біріншісі — елімізде теңдестірілген өнеркәсіптік саясатты жүргізуге ықпал ететін «Өнеркәсіптік саясат туралы» Заңның қабылдануы. Мемлекеттік қолдау шаралары бір заңда орталықтандырылатын болады.
Екіншісі — Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жанынан Қазақстанның өнеркәсіпті дамыту қорын құру.
Қор бизнеске машина жасау саласындағы капиталды көп қажет ететін өндірістерді дамытуға және машина жасауды қоса алғанда, өңдеу секторындағы жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Осыған ұқсас қорлар бірнеше жылдар бойы Ресейде, Беларусьте және ЭЫДҰ елдерінде сәтті жұмыс істеп келеді, олар лизингтік жобаларға жылдық 1,4% мөлшерлемесімен және ғылыми-техникалық әзірлемелер, еңбек өнімділігі мен инновациялық өнімдерді арттыруға 1% мөлшерлемемен займ береді.
Үшіншісі — қолданыстағы қуаттылықтарды жаңғырту, сондай-ақ отандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін одан әрі арттыру мақсатында кәсіпорындарға салықтық преференциялар енгізу.
Машина жасауды дамытудың Жол картасына енгізілген шаралар 2024 жылға қарай өндірістің жалпы көлемін кемінде 2 триллион теңгеге жеткізуге, бір жұмысшыға есептегенде еңбек өнімділігін қазіргі $12 мыңнан $24 мыңға дейін арттыруға ынталандырады.
«Жол картасы өнеркәсіптің өңдеу секторының кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында қабылданды. Біз Қазақстанның индустрияландыру саласының дамуына лайықты үлес қосуға дайынбыз», — деді Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы.