30 қыр, 2019 сағат 12:15

ҚР ДСМ елімізде қандай азық-түлік жиі талапқа сай болмай шығатынын мәлімдеді

ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова азық-түліктерде анықталған бұзушылықтар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Людмила Бюрабекованың айтуынша, бұл комитет осы жылдың сәуір айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес құрылған. Комитет міндеттерінің бірі - тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі бойынша жұмыс.

«Күн сайын біздің барлық аумақтық департамент қызметкерлері азық-түлік сапасына зерттеулер жүргізеді. Өнімдерге қойылатын талаптарға сәйкес келмейтін өнімдерді іріктеп, талдау жасайды. Ағымдағы жылдың осы кезеңінде тамақ өнімдері мен азық-түлікке жатпайтын өнімдердің 43 мың сынамасы іріктеліп алынды және 19,6% жағдайда техникалық регламенттер мен гигиеналық нормативтердің талаптарына сәйкес келмеуі анықталды. Көптеген бұзушылықтар таңбалау ережесінде анықталды - 68,3%, қауіпсіздік талаптарын сақтамау - 12,4%, мәлімделген қасиеттерге немесе физика-химиялық параметрлерге сәйкес келмеу - 6,3% », - деді ол.

Оның мәліметі бойынша, ағымдағы жылы анықталған бұзушылықтарға 56 млн. теңгеден астам айыппұл салынды, 38 мың тонна жарамсыз тауар айналымнан алынды.

«Сәйкессіздіктер мен жалған өнімдердің көпшілігі сүт және май өнімдерінде кездеседі. Табиғи өнімдер деп көрсетеді де, алайда құрамында өсімдік майы бар тағамдарды сатады», - деп толықтырды Людмила Бюрабекова.

Сондай-ақ, ол біздің елде контрафактілік өнімдер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмағанын, бірақ әкімшілік жаза қолданылатынын айтты.

Естеріңізге салайық, Алматыда «Алиментариус кодексі» комиссиясының Еуропа бойынша үйлестіру комитетінің 31-ші сессиясы басталды. Оған Еуропаның 38 елінен, АҚШ, Африка және Азиядан екі жүзге жуық делегат қатысуда.