29 нау, 2022 сағат 15:10

ҚР азаматы Ресейге 500 литр дизель отынын алып өтпек болған


Солтүстік Қазақстан облысында шекарашылар 500 литр дизель отынын Ресейге заңсыз өткізбек болған ер адамның жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, факті 28 наурыз күні «Жаңажол» автомобиль өткізу пунктінде анықталған. Шекарашылар СҚО Мемлекеттік кірістер департаменті эксперттік бақылау басқармасы мамандарымен бірге көліктерді тексеру барысында 500 литр дизель отынын шекарадан Ресейге заңсыз алып өтпек болған Қазақстан азаматын тоқтатты. Көлік жүргізушісі «Мерседес» автомашинасында болған. Ол артқан жүгімен кері қайтарылды. 

Естеріңізге салайық, 2021 жылдың 21 қарашасынан бастап Қазақстан аумағынан бензин, дизель отынын және мұнай өнімдерінің кей түрлерін автомобиль көлігімен шығаруға 6 айға тыйым салынған.