11 қыр, 2021 сағат 19:58

ҚПЛ: «Астана» көш басына көтерілді


Футболдан Қазақстан чемпионатының 20-турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Астана» клубын қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Екі айдан астам уақытқа созылған үзілістен кейін қайта жалғасқан біріншілікте елордалықтар 41 ұпаймен «Тобылдан» кейін екінші орында келе жатса, алаң иелері бесінші сатыда еді. 

Чемпиондық атақ үшін таласып жүрген «Астана» командасы 10-минутта есеп ашты. Белорусьтық Макс Эбонгтан пас алған ресейлік Валерий Чуперка «Ақжайықтың» қақпасын қорғаған украиналық Сергей Литовченкодан айласын асырып кетті.

Бұдан кейін қос команданың гол соғатындай мүмкіндіктері болды. Кейбір сәтте Литовченко өз қақпасын аман алып қалды. Елордалықтар да сәтті қорғана білді.


Осылайша 1:0 есебімен жеңіске жеткен ресейлік маман Андрей Тихоновтың шәкірттері 44 ұпаймен көш басына көтерілді. Дегенмен 42 ұпайы бар қостанайлық «Тобыл» бұл турдағы ойынын ертең өз алаңында Ақтаудың «Каспийімен» өткізеді. 

Ел біріншілігінің 21-турында «Ақжайық» 18 қыркүйекте Талдықорғанда көш соңындағы «Жетісу» командасымен кездеседі. Ал елордалықтар «Ақтөбені» қабылдайды. 

Суреттер – Айбатыр НҰРАШ