08 қар, 2017 сағат 13:02

Көз аурулары институтының шарапаты

Жақында халықаралық «Ақ таяқ» күні аясында Құрмет белгісі орденді көз аурулары Қазақ ғылыми зерттеу институты Алматы қаласындағы Н. Островский атындағы зағип және нашар көретін балаларға арналған №4 мектеп-интернаттың оқушыларын офтальмологоиялық тексерістен өткізді.

Көз аурулары ҚазҒЗИ-ның балалар бөлімшесінің офтальмологтары және резидент-офтальмологтар 7 мен 17 жас аралығындағы 200-ден аса оқушының көзін тексеріп, басқа да көптеген маңызды іш-шаралар атқарды. Бірнеше аптаға созылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде, мектеп тарихында алғаш рет балалардың жасы, диагнозы, жүргізілген операцияларының саны, қосалқы аурулары және ары қарай не істеу керектігі жазылған электрондық база жасақталды. Тексеріс барысында балалар арасында алдағы уақытта көзге рефракциалық түзету жүргізу мақсатында Көз аурулары ҚазҒЗИ-да лазерлік және хирургиялық емдеуді қажет ететін 120 жағдай анықталды. 

Аталмыш мектеп 1932 жылы Алма-Ата қалалық халық комиссариатының шешімімен ашылып, 1957 жылы зағип және көзі нашар көретін балаларға арналған оқу орнына Николай Островскийдің аты берілді. 1971 жылы мектеп жаңа ғимаратқа көшіп келіп, әлі күнге сол жерде жұмыс атқарып келеді. Ол – Алматы қаласындағы көзі нашар көретін және мүлде көрмейтін балаларды оқытатын бірден-бір арнайы оқу орны. Орта мектепте ұзақ жылдар бойы орта білімді медициналық қызметкерден бөлек офтальмолог дәрігер жұмыс істеп келген еді. Алайда соңғы жылдары елімізде тұрған жеріне байланысты емделу мүмкіндігі туындады деген сылтаумен офтальмологтың орны қысқарып, «ерекше» балалар дәрігерлер тарапынан жүргізілетін қажетті кәсіби бақылаудан айырылып қалды. 

Қазіргі таңда оқу орнында 32 класс бар, онда 221 бала білім алады және сыныптардың 11-і қазақ тілінде білім береді. Мектепте заманауи техникамен жабдықталған, интерактивті тақталар орнатылған 15 кабинет, 2 компьютерлік сынып, үш шеберхана, спорттық зал, кітапхана, оқу залы, ойын залы  жұмыс істеп тұр. 

Халықаралық ақ таяқ күні 1970 жылы 15 қазанда Халықаралық зағиптар федерациясының қолдауымен бекітілген. Ақ таяқ – зағип жанның символы – қоғамдағы дені сау адамдарға ортамызда мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүріп жатқанын, оларға біздің тарапымыздан көмек керек екенін еске салатын қасіреттің белгісі. 

Ақ таяқтың тарихы сонау 1921 жылдан басталады. Сол жылы көру қабілетінін айырылған ағылшын азаматы Джеймс Бигс көшедегі кәдімгі таяқ ұстаушылардан ерекшеленіп көріну үшін қолына ұстайтын таяғын ақ түске боятып алады. Сонымен бірге, өзі сияқты зағип жандарға таяқтарын ақ түске бояуға кеңес береді. Содан он жыл өткеннен кейін ғана ағылшын үкіметі көзі көрмейтін жандарды ақ таяқпен қамтамасыз ете бастайды. Кейіннен ақ таяқ Францияға жетеді. Ал бүгінде ақ түсті таяқ әлем бойынша соқыр жандардың белгісі болып есептеледі.  

Сөз соңында айтарымыз, «Ақ таяқ күні» – жарық дүниені емін-еркін көре алмайтын, мүмкіндігі шектеулі балаларға қоғамның назарын аударып, оларға қолымыздан келгенше жәрдем беріп, жанашырлықты сездіріп, болашаққа деген үміттерін, сенімдерін нығайтып, жақсылыққа жетелеудің бір мүмкіндігі. Күн сайын таңның атқаны мен күннің батқанын тамашалай алатын жандарды күн сәулесін көруді аңсайтын зағип бүлдіршіндерге қол ұшын беруге шақыру. Өйткені мұндай балалар біздің қамқорлығымыз бен көмегімізге мұқтаж.