20 қыр, 2016 сағат 09:12

Қояндыда жерді заңсыз басып алуға қатысты мәселе шешілді – С.Кулагин

Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин облыстық мәслихат депутаттары алдында есеп беруі кезінде Астананың іргесіндегі Қоянды ауылындағы рұқсатсыз салынған жекеменшік үйлерді заңдастыру мәселесі шешілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.

«Бүгінде жер қатынастары саласында Жер заңнамасы нормаларының сақталуы – маңызды мәселелердің бірі болып отыр. 2007 жылдан қарапайым жұртқа оңды-солды үлестірілген жер дауына қатысты түйткілді мәселе шешілді. Бүгінде 17 жер телімі бойынша меншік иелері мен иемденіп алушы субъектілер арасында сатып алу-сату шарттары түзілді», – дейді өңір басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Целиноград ауданының Қосшы, Қараөткел, Тайтөбе, Қаражар елді мекендеріндегі заңбұзушылықтарды жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«246 проблемалы жер учаскелеріне қатысты заң аясында шешім қабылданды. Қосшы, Қараөткел ауылдарындағы 120 жер теліміне жер заңнамасына сәйкес тексеру жүргізілді, оның 10 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қосшы, Тайтөбе ауылдарындағы 17 жер теліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қаражар селосындағы 109 жер теліміне қатысты заңнамаға сәйкес шара қолданылады», – дейді С.Кулагин.

Облыс әкімі жердi заңсыз басып алу түйткiлi бір күннің мәселесі емес екенін алға тартты.

«Соңғы екі жарым жыл ішінде Астана қаласының маңындағы аймақта, нақтырақ айтсақ, Қоянды ауылында жер телімін заңсыз иемденіп алудың жаңа дерегі тіркелген жоқ. Жергілікті атқару органдары құқық қорғау құрылымдарымен бірлесіп елді мекендерге тұрақты мониторинг және осыған ұқсас деректерді болдырмау мақсатында түсінік жұмыстары жүргізілді. Полиция, село әкімдері жүйелі жұмыс істеп жатыр. Әрбір село әкімі мен учаскелік инспектор кімнің қандай құрылыс жүргізіп жатқандығынан хабардар. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде заңсыздыққа тосқауыл қойылып отыр. Бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды», – дейді әкім.

2014 жылдан бері Қоянды ауылында мемлекетке тиесілі жерлерді өздігінен иемденіп алу жағдайларын шешуге қатысты жүйелі жұмыстар жүргізілген. Бүгінгі күні жеке тұрғын үй құрылысына арналған мақсатты жер телімдері сараланып, шекара телімдері қайта бөлінді, жер телімдері иелерінің азаматтық-құқықтық мәмілеге келуі үшін мүмкіндік беру мақсатында жерге мемлекеттік актілер дайындалды.