
Қостанайға Мысырдан ПТР анықтамасыз бірнеше адам ұшып келді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық санэпидбақылау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бүгін Қостанайдың халықаралық әуежайына Египеттің Шарм Эль Шейх қаласынан рейс қонды. Бортта 239 жолаушы, 6 экипаж мүшесі болған.
«Облыс орталығының санэпидбақылау басқармасы Қостанай қаласының санитарлық-карантиндік бекетінің маманымен бірлесіп, халықаралық авиарейсті күтіп алуға барды. Жолаушыларға термометрия, сауалнама жүргізілді, ПТР-тест анықтамасының бар-жоғы тексерілді. 11 жолаушыда ПТР анықтамасы болмады», - делінген ведомствоның хабарламасында.
Қазір ұшақ жолаушылары ПТР талдау әдісімен COVID-19-ға зертханалық тексеру үшін Тобыл қаласының карантин госпиталіне орналастырылды.
