28 ақп, 2023 сағат 13:27

Қостанайдағы университетте өртке байланысты студенттер эвакуацияланды

Фото: ТЖД

Қостанайда университет ғимаратынан өрт шығып, студенттер эвакуацияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Желіде эвакуация сәті түсірілген видео пайда болды. Тәуелсіздік көшесінде орналасқан Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚӨУ ғимаратындағы кеңселердің бірінде кеңсе техникасы өртенгені белгілі болды.

"7-қабатта оқу бөлмесінде кеңсе техникасы өртеніп, 2 шаршы метр аумақты шарпыды. Өртсөндірушілер оқиға орнына 3 минуттан соң жетіп, өртті сөндіруге кірісті. Ғимараттан адамдар эвакуацияланды. Барлығы өртті сөндіруге жеке құрамның 19 адамы мен 6 техникасы жұмылдырылды", - деді Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.

Сағат 11:15-те өрт сөндірілді. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.

Университет мәліметінше, түтін шыққан кезде бөлмеде студенттер болмаған. Дабыл автоматты түрде қосылған, сондықтан ғимараттағы барлық студент пен мұғалімдер эвакуацияланған.