23 қыр, 2024 сағат 15:33

Қостанайда медицина қызметкерлерінің көлігін ұрлап кеткен күдікті ұсталды

Фото: Polisia.kz жариялаған видеодан скриншот

Қостанайда медицина қызметкерлерінің көлігін ұрлап кеткен күдікті ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Оқиға 19 қыркүйекке қараған түні болған. Қостанай полициясы науқастың шақыртуына келген жеке клиника дәрігерлерінің көлігі ұрланғаны туралы хабар алған. Тәртіп сақшылары бірден "Ұстау" жоспарын жариялады.

Күдіктіні қолға түсіру барысында 39 жастағы жүргізушіден ішімдіктің иісі шығып тұрды. Алайда ол медициналық тексеруден бас тартты.

Полицейлердің заңды талаптарын орындамағаны үшін сот оған 15 тәулікке қамауға алу жазасын тағайындады және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды.

Көлікті заңсыз айдап кету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, енді қостанайлық азамат екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.