30 шіл, 2020 сағат 07:26

Қостанайда 1000 литр спирт сұйықтығын тасып жүрген азамат ұсталды

Қостанай облысында көлікті тексеру барысында мың литр спирт қосылған сұйықтық тәркіленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанай облысы Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде ҚР ҰҚҚ шекара қызметі, мемлекеттік кірістер органдарымен өзара бірлесіп, «Газель» маркалы автокөлігін ұстады. 

«Көлікті 1991 жылы туған ҚР азаматы басқарған.

Автокөлікті тексеру барысында 5 литрлік ыдыстарға құйылған сұйықтық анықталып, тәркіленді. Спирт қосылған сұйықтықтың жалпы көлемі – 1000 литр. Аталған факт бойынша суррогаттық алкоголь өнімін жасауға қатысты тексеру шаралары жүргізілуде»,- делінген ведомствоның ақпаратында.

Қазір мемлекеттік кірістер органы «Газель» жүргізушісін әкімшілікке жауапқа тарту бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ тәркіленген спирт өнімі денсаулық сақтау басқармасының қажеттілігіне жіберілді.