27 жел, 2021 сағат 12:43

Қостанай оқушылары ауа райына байланысты қашықтан оқиды


Қостанай қаласы әкімдігінің білім бөлімі мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына өңірде ауа райы жағдайының нашарлауына байланысты хабарлама таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ауа райы жағдайының нашарлауы: желдің күшеюі, қалың қардың түсуі және жолдың дұрыс көрінбеуіне байланысты 2021 жылдың 27 желтоқсанында Қостанай қаласы мектептерінің екінші ауысым оқушылары қашықтан оқыту форматына ауыстырылады. Бірінші ауысымда оқитын балалар үшін сабақтарды қысқарту ұсынылады», - делінген хабарламада. 

Сондай-ақ, ауа райының қалыптасқан жағдайына байланысты жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге тәртіп сақшылары ескерту жасады. 

«Жауын-шашынның мол түсуі жол қозғалысын қиындатып отыр. Осының барлығы көлік құралдарының қозғалысына кері әсерін тигізіп, жол-көлік оқиғаларына әкеліп соқтырады. Осылайша, Қостанайдың өзінде ғана бір тәуліктің ішінде 30 жол-көлік оқиғасы орын алған. Осыған байланысты жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге ескерту жасаймыз – жолда аса мұқият болыңыздар. Жүргізушілерге үлкен қашықтықтағы жолға шығудан бас тартуын сұраймыз», - деп хабарлады Қостанай облысы полиция департаментінен. 

Ведомство осындай күн райында көлік жүргізу стилін ауыстыру керек екенін еске салды. 

«Жаяу жүргіншілер, сіздер де жолдан өту кезінде немесе жол жиегімен өтіп бара жатқанда аса абай болыңыздар. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жол қозғалысы ережелерін сақтауын сұраймыз, себебі бұл – сіздің өміріңіз бен денсаулығыңыз», - деп қорытындылады ПД-дан.