28 там, 2018 сағат 17:02

Қостанай облысындағы ауданға Бейімбет Майлиннің есімі берілуі мүмкін

А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде «Ономастикалық жаңғыру - рухани жаңғыру кепілі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Конференцияға Қостанай, Астана, Алматы, Павлодар қалаларының тарихшы, филолог ғалымдары мен мамандары қатысты. Ономастика саласындағы ғылыми-пратикалық мәселелер жөнінде баяндамалар жасалып, пікір-ойлар ортаға салынды.

Филология ғылымдарының кандидаты, елордалық маман Жазира Ағабекованың айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы өзекті мәселе - бұрмаланған, ұмыт қалған қазақы атауларды қалпына келтіру, тірілту, сол арқылы төл танымымызды оятып, қоғамдық сананы жаңғырту.

«Латын қарпіне көшуге бел буған ұлт ең әуелі осы мәселені ретке келтіріп алуы керек. Бізге сіңісті болып кеткен ономастика кирилл қарпімен жасалғандықтан, бірізділіктен ажырап қалғанымыз енді есімізге түсіп жатқан сияқты. Қазақы атаулардың үндік өзгеріске ұшырауынан да бәріміз көре тұра көніп жүрген қателіктер көп. Бұл дамыған мемлекеттердегідей елімізде ономастикалық заңды нұсқаулықтардың әлі қалыптаспағанын аңғартады», - деді ол.

Ал, университет профессоры Қалқаман Жақып ономастиканың жер мен ел тұтастығының кепілі екеніне тоқталды. Ол конференция сайын бұрқырап айтылып жататын ұсыныстың ешқайсысы жоғарғы жаққа жетіп, қарауға алынып, шешімін таба бермейтінін де сынға алды.

Республикалық мамандар жер-су атауларын жаңғырту тұрғысында ілгерілеушілік байқалғанымен, Қостанай облысының әлі де кенжелеп тұрғанын жасырмады. 

Конференция барысында Ахаңның 145 жылдығына орай Ақкөл ауылына ұлт көсемінің есімі берілгені, Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына орай Таран ауданына атын беру, Жеңіс күні қарсаңында облыс орталығындағы көшелердің бірін ҰОС ардагері қостанайлық Естай Ещановтың есімімен атау ұсыныстары қаралып жатқаны жария етілді.