17 шіл, 2020 сағат 13:56

Қостанай облысында үшінші тамызға дейін локдаун режимі енгізілмек

Бүгін Қостанай облысында коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында локдаун режимін белгілеу туралы қаулы шығарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қостанай облысыныңы әкімі Архимед Мұхамбетов коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штаб отырысын өткізген болатын. Жиын барысында өңірде қатаң шектеу шараларын енгізу туралы қаулы қабылданды.

Сонымен, Қостанай облысының мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің орынбасары Ю.Севостьяновтың шешімімен шектеу шаралары 18 шілдеден 3 тамызға дейін жалғасады.

«Тұрғындарға қажет болған жағдайда ғана 3 адамнан аспайтын топпен әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, бір отбасы мүшелерінің тұратын жерінен шығуына рұқсат етіледі. Ойын-сауық қызметінің барлық түрлеріне, бұқаралық іс-шараларды өткізуге, қоғамдық көлік қызметіне , (саяжай маршруттарын қоспағанда, қозғалыс кестесін анықтаумен сағат 06:00-ден сағат 10:00-ге дейін, сағат 17:00-ден 21:00-ге дейін) тыйым салынады. Қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметі тек дайын тағамдарды тұтынушыға сағат 09:00-ден 21:00-ге дейін шығаруға және жеткізуге рұқсат етіледі (уақыт бойынша шектеу жол бойындағы сервис объектілеріне қолданылмайды). Тамақ өнімдерін сататын сауда объектілерін, дәріханаларды қоспағанда, барлық сауда объектілерінің қызметіне рұқсат берілмейді. Азық-түлік өнімдерін, көтерме сатуды қоспағанда, сатылатын ассортиментке қарамастан барлық сауда базарларының қызметіне тыйым салынады. Халыққа байланыссыз қызмет көрсету жөніндегі объектілердің (автомобиль жуу, автомобильдерді, тұрмыстық техниканы, киімді, аяқ киімді жөндеу) қызметіне шектеу белгіленді. Скверлер, саябақтардың, жағалаулардың, оның ішінде олардың аумақтарында орналасқан тамақтану және сауда нүктелерінің, сондай-ақ жағажайлар мен демалыс базаларының қызметін тоқтата тұруға шешім қабылданды», - делінген бас санитар дәрігердің қаулысында.

Қаулы 2020 жылғы 18 шілдеде сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.