18 қар, 2023 сағат 17:37

Қостанай облысында полицей құтқарған кейуана ауруханада көз жұмды

Фото: Polisia.kz

Қостанай облысында учаскелік полиция 84 жастағы зейнеткерді көлден алып шықты. Алайда кейін кейуана қайтыс болды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға бүгін, 18 қарашада Әулиекөл ауданында болған. Таңертең 102 телефонына Аманқарағай кентінің тұрғынынан су айдыны жақтан көмек сұрап тұрған қатты дауыстың естілгені туралы қоңырау түскен.

Бұл хабарламаны естіп, учаскелік полиция инспекторы Ғабит Байжанов дереу көлге келген. Қатты жел соққандықтан, ол көмекке шақырған дауысты дұрыс естімеген. Жағадан өтіп бара жатқан полиция қызметкері дыбыс көлдің ортасынан шығып жатқанын түсініп, бірден киімімен суға секірген.

Ғабит Байжанов әйелді жағаға сүйреп апарған, оған жақын тұрған ауылдастары да көмектескен.

"Олар кейуананы үйге жеткізіп, жедел жәрдем шақырды. Ал жедел жәрдем қызметкерлері оны ауруханаға жеткізді. 

Өкінішке қарай, кейінірек дәрігерлер әйел ауруханада қайтыс болды деп хабарлады. 

Оны судан шығарған полиция қызметкері мен ауылдастары соңына дейін бәрі жақсы аяқталады деп үміттенді.

Қазір қарт кісінің көлдің ортасында қалай жеткені анықталып жатыр" - делінген хабарламада.