19 қаз, 2020 сағат 08:03

Қостанай облысында карантин шаралары күшейтіледі

Қостанай облысында шектеу шаралары қайта енгізіледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бүгін Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу бойынша жедел штабты жинады. Отырыс барысында карантиндік шараларды күшейту туралы шешім қабылданды. Сонымен алдағы күндерден бастап мынадай шектеулер енгізілді: 

1. Күнделікті шектеулер:

- қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмыс режимін сағат 23.00 дейін қысқарту, 30 орыннан артық адам қабылдамау; 

- даладағы аттракциондардың жұмысын тоқтату;

2. Демалыс күндеріндегі шектеулер:

- қоғамдық көлік қозғалысына тыйым салу;

- ауданы 2000 шаршы метрден астам сауда объектілерінің, азық-түлік супермаркеттері мен олардағы дәріханаларды қоспағанда, сауда, ойын-сауық орталықтарының жұмысын тоқтату;

- азық-түлік емес және жабық азық-түлік базарларының жұмысын тоқтата тұру;

- азық-түлік емес тауарлардың бөлшек сауда объектілерінің жұмыс режимін сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін шектеу;

- фитнес-орталықтар мен спорттық-сауықтыру орталықтарының жұмысын тоқтату;

- қоғамдық моншалардың, сауналардың жұмысын тоқтата тұру;

Бұл шектеулер 20 қазан күні сағат 00.00-ден бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қостанай облысында коронавирус инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.