Торғай өңірінде соңғы жылдары бұрын-соңды болмаған даму қарқыны байқалуда. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған брифингінде мәлім болды.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында бұл аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің ерекше бақылауында болуы тиіс екенін атап өткен болатын. Осы тапсырмаға сәйкес Арқалық қаласын, Амангелді және Жангелдин аудандарын алдағы үш жылда кешенді дамытуға арналған арнайы жоспар әзірленді.
Жоспар толық іске асырылған жағдайда Торғай өңірінде бірқатар оң өзгерістер болады деп күтілуде. Атап айтқанда, туристік ағын айтарлықтай артып, мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейі 90 пайыздан 100 пайызға жетеді. Сонымен қатар балалардың қосымша біліммен қамтылуы 66 пайыздан 68 пайызға өсіп, бұқаралық спортпен айналысатын тұрғындар саны көбейеді. Инженерлік инфрақұрылым желілерінің тозу деңгейі де едәуір төмендейді.
Президенттің тапсырмасымен Арқалық қаласында жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Қазіргі таңда терминал ғимаратының қаңқасы тұрғызылып, инженерлік коммуникациялар тартылған, патрульдік жолдың негізі қаланған. Жоба 2026 жылдың шілде айында толық аяқталады деп жоспарлануда.
Бұл нысан тек көлік инфрақұрылымы емес, Торғай өңірін елдің ірі экономикалық және мәдени орталықтарымен байланыстыратын стратегиялық маңызы бар жоба болып табылады.
Инфрақұрылымдық дамудың тағы бір маңызды бағыты — автожол желісін кеңейту. Ағымдағы жылдың маусым айында Астана – Жантеке – Егіндікөл – Арқалық – Торғай – Ырғыз бағыты бойынша өтетін «Орталық – Батыс» автомагистраліне ресми бастау берілді.
Бұл жаңа көлік дәлізі Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарының аудандары үшін үлкен логистикалық серпін болмақ. Бұрынғы бағыттармен салыстырғанда жол ұзындығы 549 шақырымға қысқарады.
Сонымен қатар Жезқазған – Арқалық – Петропавл автожолының жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Нәтижесінде Қостанай және Ақмола облыстарының тұрғындары еліміздің оңтүстік өңірлеріне — Шымкент пен Қызылордаға тікелей қатынау мүмкіндігіне ие болды. Қызылорда – Қостанай бағыты 376 шақырымға қысқарды, сондай-ақ бұл жол Ресейдің ірі қалалары — Челябі, Екатеринбург және Омбыға тікелей шығуды қамтамасыз етті.
