Демалыс күндері Қостанай облысының мониторинг топтары салтанатты шараларды өткізудің тоғыз фактісін анықтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мониторинг топтары 5 той мен 4 туған күн кешін анықтаған. Олардың барлығында адам көп болған.
«Облыстың коронавирустың таралуы бойынша «қызыл» аймақта екеніне қарамастан, өңірде карантин режимін бұзу фактілері анықталып жатыр. Мысалы, Амангелді ауданының Есір ауылындағы тойға 100 адам жиналған. Ал осы ауданның Амангелді ауылында 30 адам жиналған тағы бір той өткен. Жітіқара қаласындағы кафеде 35 адам неке қию рәсімін тойлаған», - деп мысал келтірді полициядан.
Басқа фактілер облыстың Әулиекөл, Наурызым аудандарында, Рудный және Қостанай қалаларында анықталған.
Барлық тәртіп бұзушылық бойынша материалдар Қостанай облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне тиісті шаралар қабылдау үшін жіберілді. Барлығы осы жылдың басынан бастап мониторинг топтары 10 927 рейд жүргізіп, карантиндік режимді бұзудың 872 фактісін анықтаған.