05 сәу, 2021 сағат 04:57

Косово парламенті 38 жастағы Вьоса Османиді президент етіп сайлады

38 жастағы Вьоса Османи Косово президенті болып сайланды. Оған 120 депутаттың 71-і қолдап дауыс берді. Былтыр қараша айында Гаага соты мемлекет басшысы Хашим Тачиді әскери қылмыс жасады деп айыптағаннан кейін Османи президент міндетін уақытша мойнына алған. 

Косовоның оппозициялық партиялары және құқық қорғаушылар Косово демократиялық лигасы (либерал-консерватор) атынан бір мезгілде премьер-министр және парламент спикері болған Вьоса Османидің президент ретінде тағайындалуын сынады. Олар бұл Косоводағы онсыз да нәзік демократиялық жүйені алға жылжытпайды деп санайды. 

Reuters агенттігінің жазуынша, жаңа президент батыс құндылықтарымен жақсы таныс және тамыр-таныстықты, непотизмді қолдамайды, бұған қоса дәстүрлі саяси партиялардың тиімсіз жұмыс істейтіндігін мойындайды. 

Президент қызметіне кіріскен Османи алғашқы үндеуінде Сербиямен диалогты жандандыруға шақырды. Бұған қоса, Белград 1998-99 жылғы қақтығыс кезіндегі әскери қылмысқа жауапты тұлғаларды сотқа тартып, Косово тұрғындарынан кешірім сұрауы тиіс деп мәлімдеді. Reuters-тің жазуынша, сол соғыстың салдарынан Косово 2008 жылы Сербиядан тәуелсіздігін жариялады. 

Косово республикасы – тәуелсіз мемлекет ретінде жартылай мойындалған Оңтүстік-Шығыс Еуропа мен Балқан түбегіндегі шамамен 2 млн халқы бар мемлекет. Оны 193 мемлекеттің 98-і мойындаған.