07 қыр, 2022 сағат 15:37

Қошанов 7 жылдық мерзім жайлы: биылғы сайлаудан басталуы керек деп ойлаймын

© Sputnik / Абзал Калиев

Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов президентті 7 жыл мерзімге сайлау туралы өзгерісті Конституцияға биыл енгізу керек деп санайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Мәжіліс кулуарында журналистер спикерден "Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қай мерзімге сайлануы мүмкін" деп сұрады.

"Реформалардың бірі – Президент өкілеттігінің мерзімі. Бұл мемлекетіміздің болашағы үшін өте қажет, өте маңызды. Өйткені бізде президенттік басқару формасы жұмыс істейді. Сондықтан осы маңызды өзгеріс биылғы сайлаудан басталуы керек деп есептеймін. Мұны әрі қарай 5 жылға соза берудің қажеті жоқ", - деді Қошанов.

Егер биыл бұл жүйе енгізілмей, президент тағы бес жылға сайланса, сайланған президенттің бес жылдан кейін тағы 7 жылға сайлануға құқықтық мүмкіндігі пайда болады. Бұл нәрсені де шектеуіміз керек, деп жалғастырды сөзін спикер.

"Мұны шектеу үшін реформаны тағы бес жылға созбай, биыл 7 жылдық мерзімді енгізіп, сонымен Президент сайлауын өткізуіміз керек деп ойлаймын", - деді ол.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін жариялады. Әзірге саяси доданың қашан өтетіні белгісіз. Тиісті жарлық шыққан жоқ.