10 қаз, 2019 сағат 16:43

Косарев трофейлік аңшылықты дамытуға қатысты сын айтты

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Владислав Косарев трофейлік аңшылықты дамыту бойынша жасалған ұсынысты сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сіздер кәрі аталық жануарларға биркаларды іліп қоймақсыздар. Бізде аңға шыққан адам жыбырлағанның бәрін қырып-жойып жатады. Бізде өзіміздің браконьерлер аз ба? Киіктерді атып болдық, енді оларға шетелдіктер қосылса не болады? Елімізде киікпен қатар инспекторды да атып жатқан аңшылар бар. Сондықтан бұл бағытта сақтық танытқандарыңыз жөн болар», - деді депутат Владислав Косарев заң жобасының таныстырылымында.

Өз кезегінде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев трофейлік аңшылықты енгізу түсінігіне тоқталды.

«Бүгінде заңсыз аңшылық фактісі бар, браконьерлердің көбісі - біздің көршілеріміз. Олар Қазақстанға кіріп, арқарларды және басқа да жануарларды атып, алып кетуде. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, көптеген елдерде трофейлік аңшылық енгізілген. Осы орайда жануарлар популяциясы тиімді түрде реттеліп тұрады. Бізде аңшылықты тұрақты дамытудың тиісті моделі әзірленді. Оны Ауыл шаруашылығы министрлігі мен тиісті ғылыми-зерттеу институттары бекітті. Бұл тұрғыда кәрі аталық жануарларды ату ескерілген», - деді вице-министр.

Өркен Бисақаев бұл бағыттағы шаралар ғылыми негіздемелер аясында іске асырылатынын атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, трофейлік аңшылықты дамытудың маңызды шараларының бірі ретінде фермерлік аңшылық шаруашылығы саласында кәсіпкерлікті қолдау ескерілген.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне туристік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын таныстырылды. Осы орайда елімізде трофейлік аңшылықты дамыту ұсынылды.