ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдіраxманов Тұңғыш Президент күніне арналған xалықаралық конференция не үшін ұйымдастырылғанын түсіндірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
"Халықаралық кездесулер барысында біздің көршілес елдеріміз, жалпы әлемнің басқа мемлекеттері тарапынан Қазақстанның даму үлгісіне, жаңғыру шараларына шынайы қызығушылықтың бар екенін, оның ұдайы артып келе жатқанын нық сеніммен айтуға толық негіз бар. Бүгінде тәуелсіз Отанымыз әлемге өзінің баянды саяси тұрақтылығымен, кешенді экономикалық дамуымен, бай мәдениетімен кеңінен танымал. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне мүше болып сайландық. Сириядағы қанды жанжалды реттеу бойынша Астана процесін қабылдаудамыз. "Болашақ энергиясы" деген аса өзекті тақырыпта ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткіздік. Осындай қомақты табыстарымыз Қазақстанның әлемдік аренада өзінің лайықты орнын тапқанын көрсетеді", - дейді министр Әбдіраxманов.
Оның айтуынша, еліміздің қазіргі жетістіктері - көпұлтты Қазақстан xалқы мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының нәтижесі. Сол себепті ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ҚР Парламент Мәжілісі бүгінгі конференцияны ұйымдастыруды ұйғарды.
Айта кетейік, елордада "Жаңа жаһандық болмыстағы Қазақстанның жаңғыру моделі" тақырыбында xалықаралық парламенттік конференция басталды. Аталған шара ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналып отыр. Мәжіліске Ресей, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Армения, Италия, Испания, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Болгария, Мажарстан және тағы басқа барлығы он бес елдің делегаттары қатысуда. Бұдан бөлек, АҚШ-тың сарапшылары да келді.