Мәжілістегі Қазақстан халық партиясы фракциясының депутаттары коронавирус індетіне шалдыққандарды емдеуге арналған нысандардың құрылысына қатысты егжей-тегжейлі тексеру жүргізуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Кейбір мәліметтерге сәйкес, BI Group жекелеген коронавирус госпитальдерін салу кезінде өңірлерде бұзылған ғимараттардың құрылыс материалдарын пайдаланған. Атап айтқанда, Атырау облысының Опорный кентінде ТШО қызметкерлеріне арналған жатақхана бөлшектелген. Ал құрылыс материалдары құны 5,5 млрд теңге болатын модульді коронавирус ауруханасын салу үшін Алматыға жіберілген. Жоғарыда аталған елді мекен Атырау қаласынан шамамен 300 шақырым жерде орналасқан», - деді Жамбыл Ахметбеков Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған сауалында.
Сонымен қатар депутат Шымкентте және Алматыда екі модульді аурухананың сапасыз салынғанына, қаражаттың орынсыз жұмсалуына байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет іс қозғалғанын атап өтті. Ал Алматы госпиталін салу барысында мемлекетке шығын келгенін аудиторлық тексеру растады. Тергеу нәтижесі әлі жарияланған жоқ.
Осыған байланысты ол Қазақстан халық партиясының депутаттары атынан тиісті ұсыныстарын жариялады.
Депутаттың пайымынша, 2020-2021 жылдары BI Group өңірлерде коронавирус госпитальдерін қалай салғанын, олардың қалай жұмыс істеп тұрғанын, медициналық қызмет көрсету сапасын жіті тексеруі керек.
«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу мен жобалау институты сарапшыларын тарта отырып, 2020-2021 жылдары BI Group өңірлерде салған коронавирусқа арналған нысандардың құрылысының сметалық құнының сапасы тұрғысынан егжей-тегжейлі және ашық кәсіби аудит жүргізуі керек», - деді Ахметбеков.