31 қаз, 2020 сағат 07:35

Коронавируспен күрес: Ералы Тоғжанов ШҚО-дағы медициналық нысандардың жұмысымен танысты

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Шығыс Қазақстан облысындағы эпидемиологиялық ахуал мәселелері бойынша жұмыс кеңесін өткізіп, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кеңес қалалар мен аудандар әкімдерінің, ШҚО бойынша денсаулық сақтау басқармасының, полиция департаментінің, тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі сапасын бақылау департаментінің басшыларының, бас санитария дәрігерлерінің қатысуымен өтті.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов қазіргі эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады. 30 қазандағы жағдай бойынша Шығыс Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 9565 жағдайы тіркелген. 

Облыс әкімінің айтуынша, ең қиын жағдай Өскемен, Глубокое және Аягөз аудандарында орын алған. Бақылауда 585 инфекция ошағы, 1592 байланыста болған адам бар. COVID-19 таралу қаупін азайту және байланыста болғандар мен олардың жақындарын уақтылы анықтау үшін 516 медицина бригадасы, сондай-ақ ошақтарды оқшаулау орталығы жұмыс істейді. 

Коронавирустың екінші толқыны басталған кезеңде уақытылы сапалы медициналық көмек көрсету үшін облыста 40 инфекциялық стационар дайындалды, толық медициналық жабдықталған 6,1 мың төсек-орын ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Даниал Ахметов атап өткендей, бірінші жағдай тіркелген сәттен бастап инфекциялық стационарлардың төсек саны 12 есеге артты. 

Облыс қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген, қазір ауруханаларда 18 компьютерлік томограф, 67 рентген аппараты, 1,1 мыңнан астам оттегі концентраторы, 300-ден астам ӨЖЖ аппараты бар. Алдағы күндері барлық аудандық және қалалық медициналық ұйымдар оттегімен қамтамасыз етудің арнайы жүйелерімен жарақтандырылатын болады. Облыс бойынша төсек қорының жұмыспен қамтылу пайызы 26,5 құрады.

Бұдан басқа, Ресей Федерациясынан қажетті медициналық препараттарды сатып алу бойынша жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ, өңірде дәрілік заттардың екі айлық қоры бар. 10 күн ішінде ауруханалар базасында алты ПТР-зертхана жасақталды. Соның нәтижесінде өңірде зертханалардың қуаты тәулігіне 6 мың тестіні құрайды.

Кеңес қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов облыс әкімдігіне он күндік мерзімде өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды. Осыған байланысты, 2 қарашадан бастап Өскеменнен кіруге және шығуға әуе және теміржол қатынастарын қысқарту, облысқа кіруге және шығуға шектеу қою, санитарлық бекеттер орнату, демалыс және мереке күндері шектеу шараларын күшейту, қоғамдық көліктің қатынау санын ұлғайту, адамдар көп жиналатын жерлерге ерекше назар аудара отырып, мониторингтік топтардың карантиндік режимді сақтау жөніндегі жұмысын күшейту, халық арасында карантиндік режимді сақтау қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша шаралар қолға алынды.

Кеңестен кейін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары 150 төсекке арналған бұрынғы ЖЖМЖ базасындағы пульмонологиялық орталыққа барды. 15 қарашаға қарай мұнда тәулік бойы жұмыс істейтін стационар, анестезия, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі өз жұмысын бастайды. Барлық қажетті заманауи жабдықтар, соның ішінде компьютерлік томография аппараты жеткізілді. Әр бөлмеде оттегі розеткалары бар. Сондай-ақ пульмонология орталығында өзінің ПТР-зертханасы жұмыс істейтін болады.

Ералы Тоғжанов Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медициналық орталығының, ана мен бала орталығының, сондай-ақ онкология және хирургия орталығының жабдықталу деңгейін жоғары бағалады. Ана мен бала орталығында балалар нейрохирургиясы және кардиохирургия, травматология, офтальмология, оңалту қызметтері жұмыс істейді.

Айта кетейік, дәрігерлер бірегей офтальмологиялық жабдықтың көмегімен 38 шала туған баланың көру қабілетін сақтап қалды. Онкология және хирургия орталығында бүгінде – компьютерлік томография және магниттік-резонанстық томография іске қосылған. Мамандар үшінші жыл қатарынан мұнда 128 бөлікке арналған бірегей компьютерлік томографпен жұмыс істейді. Елімізде осындай 3 КТ аппараты бар, оның ішінде 2 – Өскеменде және біреуі Нұр-Сұлтанда. Өткен жылы орталыққа 3 магниттік-резонанстық томограф сатып алынды. Қазір МРТ аппаратын орнату жұмыстары жүргізілуде.

«Заманауи медициналық жабдықтар адамдардың денсаулығын қалпына келтіруге, өмірін сақтап қалуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ, дәрігерлердің тәжірибесі мен біліктілігі, олардың кәсіби дайындығы үлкен маңызға ие. Медицинадағы басты мәселе-ауруларды диагностикалау. Шығыс Қазақстанда ауруларды ерте кезеңдерде дәл, жылдам және тиімді диагностикалау үшін барлық мүмкіндіктер бар екені қуантады. Онкология саласында сіздің тәжірибеңіз біз үшін өте маңызды. Қазір елордада үлкен онкологиялық орталық салынуда, біз сізден ұсыныстар алуға қуаныштымыз», – деді Ералы Тоғжанов.

Сонымен қатар, вице-премьер бастаған делегация «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген әлеуметтік нысандарды аралады. Осындай нысандардың ішінде «Жанұя» отбасын қолдау орталығы бар, енді қала тұрғындары «бір терезе» қағидаты бойынша АӘК алу, жұмысқа орналасу, өз ісін ашу, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу, сондай-ақ заңгерлік және психологиялық көмек алу бойынша сұрақтарға жауап ала алады. Осыдан кейін делегация Өскемендегі ең танымал балалар мекемелерінің бірі – жаңартылған жас техниктер станциясында болды. Енді балалар шығармашылық үйірмелерге үлкен қызығушылықпен қатысады, өйткені ЖТС жаңа заманауи дизайн, жайлы интерьер ғана емес, сонымен қатар жаңа бағыттар пайда болды: ұшқышсыз ұшу аппараттары, 3D-модельдеу, бағдарламалау.

Ералы Тоғжанов «Ертіс концерт» ғимаратында жүргізілген жұмыстарға да риза болды. Эпидемиологиялық жағдай жақсарғаннан кейін облыс тұрғындары алдында мәдениет және өнер ошағының жаңартылған залдары, оның ішінде 744 орынға арналған концерт залы ашылады.

Жұмыс сапарының соңында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ. ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың жобаларымен танысты. Ғылыми қызметкерлер МРТ үшін жоғары өткізгіш сым жасау, титан, тантал және ниобийден имплантаттар шығару, мырыш пен қорғасын алудың пирометаллургиялық процестерін жаңғырту бойынша жұмыс істеуде. Ералы Тоғжанов аталған әзірлемелердің маңыздылығы мен перспективаларын, еліміздің ғалымдары мен техникалық жоғары оқу орындары арасында тәжірибе алмасу қажеттілігін атап өтті, сондай-ақ ҚР БҒМ-ге университетпен бірлесіп әзірлемелер бағытындағы жұмысты күшейтуді, ал ЖОО-ға жобаларды іске асыру нарығын кеңейту бойынша ұсыныстар дайындауды тапсырды.