20 шіл, 2020 сағат 15:00

Коронавируске қарсы уытты дәрілер қабылдағандар бақылауда болуы керек - инфекционист дәрігер

Коронавирусты емдеуге қолданылатын дәрілік заттардың біразы уытты болуы мүмкін. Бұл туралы Алматыда өткен онлайн брифинг барысында инфекционист-дәрігер Тамара Утағанова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Брифинг барысында журналистер спикерден шетелдік басылымдарда коронавируске қарсы қолданылатын кейбір дәрілік заттардың уытты деп көрсетілгенін алға тартты. Ал ондай токсинді дәрілердің кейбірі қазір Қазақстанда да қолданылады. Сондықтан да, журналистер тарапынан ондай токсинді дәрілерге неге рұқсат етілгені сұралды. 

«Біз қолданып жүрген парацетамол да - токсинді препарат. Қазір беріліп жатқан дәрілер көбіне стационарда емдеуге арналған. Бұл дәрілерді қабылдау кезінде дәрігердің бақылауында болу керек. Көп дәрілер пациентке алдын ала түсіндіріліп, айтылған соң оның келісімімен беріледі. Біз дәрінің пайдасы қаупінен асып түскен жағдайда ғана тағайындаймыз. Қаупі жоғары болса, берілмейді», - деді Тамара Утағанова.