1 шілдеден бастап әлемнің кейбір елдерінде шектеу шараларын жеңілдетудің жаңа кезеңі басталды. Бірақ Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы футболдан Еуропа чемпионатына байланысты коронавирус инфекциясының артуы туралы ескертті. Аустралия мен Жаңа Зеландия вакцинаның жетіспеушілігіне шағымдануда; Еуропалық одақ электронды «вакцинация төлқұжаттарын» қолдануға кірісті. Әлемдегі осы және өзге де жаңалықтар туралы ВВС агенттігі хабарлады.
Джонс Хопкинс Университетінің мәліметі бойынша, әлемде 182,3 миллион адам коронавирус жұқтырған, ал қайтыс болғандар саны 4 миллионға жеткен.
Жалпы, қазіргі уақытта әлемде 3,2 миллиардтан астам вакцинация жасалды. Кейбір елдерде, мысалы Ұлыбританияда, халықтың жартысы толығымен немесе ішінара егілді. Басқаларында (соның ішінде Ресейде) вакциналау қарқыны биліктің жоспарларынан едәуір артта қалып отыр.
1 шілдеде вакцинация төлқұжаттары қолданыла бастады
Бейсенбіде Еуропалық одақ елдерінде вакцинация төлқұжаттары ресми айналымға енгізілді. Олар цифрлық сертификат түрінде (қажет болған жағдайда, қағаз түрін алып жүруге болады), онда вакцинация туралы куәлік қана емес, коронавирус сынағының теріс нәтижесі немесе адамның індетпен ауырып, айыққаны туралы дәлелдер көрсетілуі мүмкін.
Еуропаның кейбір елдері өз ішінде пайдалану үшін «жасыл сертификаттарды» енгізгеніне біраз уақыт болды. Ал қазір кез келген Еуропа еліне жарамды бірыңғай құжат туралы сөз болып отыр.
Электронды кодтарды ЕО-ның барлық 27 мемлекетінің азаматтары мен тұрғындары, сондай-ақ Исландия, Лихтенштейн, Швейцария және Норвегия ала алады. Бұл елдердің барлығы сертификаттарды мойындайды.
Вакциналарға келетін болсақ, сертификатты еуропалық реттеушілер сертификаттаған төрт препараттың бірімен егілгендер ғана ала алады:
Pfizer-BioNTech;
AstraZeneca (AZ), Оксфорд вакцинасы ретінде де белгілі;
Moderna;
Janssen, ол Johnson & Johnson ретінде белгілі.
Еуропалық одақтың жеті елі – Австрия, Германия, Словения, Грекия, Ирландия, Испания және Эстония Үнді өндірісінің вакцинасын алғандарға өз аумақтарына кіруін мақұлдады. ЕО құрамына кірмейтін Исландия мен Швейцария Үнді вакциналарын шетелден келгендер үшін жеткілікті қорғаныс деп таныды.
Карантин шектеулерін жеңілдетіп жатқан елдер
Түркия шектеулерді біртіндеп жеңілдете бастады. 1 шілдеден бастап елде коменданттық сағат пен сенбілік локдаундар болмайды. Сондай-ақ көлікті пайдалануға шектеулер алынып, қалалар арасындағы қозғалыс қалпына келтіріледі.
Мемлекеттік мекемелер әдеттегі жұмыс сағаттарына оралады. Біраз уақыттан бері мектептер мен балабақшалардың жұмысы шектеулі болады, қоғамдық орындарда, әсіресе базарларда санитарлық нормалардың күшеюі сақталады. Жеке бизнестердің қайта жұмысқа кірісуі кезең-кезеңмен жүргізіледі.
Нью-Йорк мэрі Билл Де Блазио бейсенбіден бастап қала бір жарым жылдық қатаң шектеулерден кейін бұрынғы өміріне орала бастайтынын мәлімдеді. Сауда орталықтары, спорт залдары және қалалық көлік әдеттегі жұмыс кестесіне оралады. Қоғамдық үй-жайлардың ішінде әлеуметтік қашықтық пен бетперде киюдің бұрынғы талаптары сақталады. Нью-Йорктегі мектептер мен театрлар тек қыркүйек айында ашылады.
АҚШ әлі күнге дейін коронавирустан әлемде көш бастап келеді – пандемия кезінде 33,6 миллион адам ауырып, 604,7 мың адам қайтыс болды.
ДДСҰ Еуро-2020-ны инфекцияның өсуімен байланыстырды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы стадиондарда, пабтар мен барларда Еуропа футбол чемпионатын көруге жиналған адамдар мен құрлықтағы инфекциялардың өсуі арасындағы байланысты тілге тиек етті.
ДДСҰ өкілі Кэтрин Смоллвуд стадиондардағы жағдайларға ғана емес, адамдардың оларға қалай жететініне және матчтардан кейін қайда баратынына назар аудару керек деді. Бұл жанкүйерлер футбол көретін пабтар мен барларға да қатысты.
Мысалы, Шотландияда жақында стадионда немесе пабта ойындарды көрген 2 мыңнан астам адам вирус жұқтырған. 120-ға жуық жанкүйер Финляндияға оң диагнозбен Санкт-Петербургтен оралды. Онда олар өз құрамасының матчына қатысты. Көптеген Еуропа елдерінде халықтың үштен бір бөлігі ғана толығымен егілді.
Германияның Сыртқы істер министрі Хорст Зехофер УЕФА-ны сынға алып, жанкүйерлерді стадиондарға жаппай жіберу туралы шешімді «мүлдем жауапсыз» деп атады.
Еуропа чемпионатының соңғы үш матчы Ұлыбританияда өтеді және ДДСҰ ескертуіне қарамастан оларға 60 мыңға дейін көрермен жіберіледі.
Әлемдегі басқа оқиғалар
Аустралия билігі елдің пандемиямен жоғары тиімді күресі вакцинация кампаниясының кешіктірілуіне әкелді деп мәлімдейді. Қаржы министрі Саймон Бирмингемнің айтуынша, Аустралия вакциналар кезегінің соңында тұр, өйткені өндірушілер мен халықаралық реттеушілер вакцинаны алдымен, ең көп зардап шеккен елдерге жеткізбек.
Дәл осындай жағдай Жаңа Зеландияда да орын алды. Бұл ел де Covid-19-дың таралмауын қамтамасыз еткен болатын. Осылайша екі ел де Pfizer препаратын күтуде: олар вакцинамен қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты кейінге қалдырылған еді. Қазіргі уақытта аустралиялықтардың тек 5% толығымен егілді. Ел халқының жартысына жуығы, 12 миллионнан астам адам жаңа «Дельта» штамының таралуына байланысты тағы да локдаунда болды.