Алматыда коронавирус жұқтырған 5 474 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасынан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
11 тамыз күнгі ақпарат бойынша, бір тәулікте қалада 1510 адам коронавирус жұқтырған.
Мұның ішінде симптомды, жеңіл және орташа деңгейдегі белгілермен – 1430, симптомсыз – 80 науқас тіркелді.
Барлық емделіп шыққандар – 455, келіп түскені – 778.
«Инфекциялық стационарларда 5 805 адам бар (төсек-орынның жалпы саны –8 910 ), оның ішінде 235 бала емделуде», – деп нақтылады Қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде 405 адам жатыр. Ал 63 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Инвазивті емес жасанды тыныс алу аппаратында 165 адам ем қабылдауды жалғастыруда. High flow-да 169 аппарат жұмыс істейді.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек мобильді бригадаларының және Телемедицина орталығының амбулаториялық бақылауында 12 301 пациент бар.
Оның ішінде індет белгілері бар, орташа ауыр жағдайда - 11 770 науқас. 531 адамда коронавирус белгілері жоқ.