Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған 20 қаңтардағы эпидемиологиялық ахуалды бағалау матрицасы бойынша Тараз қаласы мен Шығыс Қазақстан «сары аймаққа» енді, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, өңірде жұқпалы аурулар ауруханасындағы 1000 кереуеттің жүктемесі 454 орынды құрап отыр. Карантин стационарында – 23 адам, үй карантинінде – 1341 адам жатыр, 240 мың жамбылдық ПТР-тестілеуден өткен. Соңғы аптаның қорытындысы бойынша вирус жұқтырғандардың ең көбі Тараз қаласында (85 жағдай, өсім 3,5%), Жамбыл ауданында (9 жағдай, өсім 3,4%) және Т.Рысқұлов (7 жағдай, өсім 3,9%) ауданында тіркелген. Сондай-ақ, КВИ себептері бойынша жедел жәрдемді шақыртулар саны отыз пайызға артқан.
Еске сала кетсек кеше, яғни 19 қаңтарда Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой сол күнгі жағдай бойынша «қызыл» аймақта 6 өңір (Ақмола, Павлодар, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы), ал «сары» аймақта үш өңір (БҚО, Алматы мен Қарағанды облыстары) тұрғанын мәлім еткен еді . Бүгінгі матрица «сары» аймаққа Шығыс Қазақстанның кіргенін көрсетіп тұр. Қалған өңірлердің бәрі де «жасыл» аймақта орналасқан. Ал жалпы Қазақстан халықаралық деңгейде індет қаупі жағынан «сары» аймаққа енгізілген.
