12 қар, 2020 сағат 17:32

COVID-19: Тағы екі облыс «қызыл» аймаққа кірді

Коронавирустың өршуіне байланысты «қызыл» және «сары» аймаққа кірген өңірлер белгілі болды. Оларды бүгін ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі - Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Ерлан Қиясов атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі уақытта «қызыл аймаққа» Шығыс Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан және Қостанай облысы кіріп отыр. Ал «сары аймаққа» Ақмола облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы кіреді. Қалған өңірлер «жасыл аймаққа» жатады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай. 

Бұған дейін, соңғы 2 аптада еліміздің барлық өңірінде COVID-пен сырқаттанудың күрт өсуі байқалып отырғанын хабарлаған едік.

Нақты айтқанда, ауру жұқтырудың 45 пайызы Шығыс Қазақстан облысында тіркелді. Қостанай облысында 4 есеге өссе, Батыс Қазақстан облысында 3,2 есеге артты. Ал Павлодар өңірінде 2,7 есеге айтарлықтай өсім байқалуда.