16 жел, 2020 сағат 10:11

Коронавирус: Шри-Ланка мен Қырғызстан азаматтары Алматы әуежайынан депортацияланды

15 желтоқсанда Қазақстан Республикасының аумағына Израиль, Ұлыбритания, Германия, Франция, Оңтүстік Корея, Мальдив Республикасы, Мысыр, Түркия, БАӘ, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан 13 халықаралық әуе рейсі келіп қонды. Бұл туралы ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

13 халықаралық әуе рейсімен Қазақстанға барлығы 1 612 жолаушы ұшып келген. Олардың ішінде ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі бар анықтамамен 1 465 адам, анықтамасыз 147 адам (ҚР азаматтары) келген. Атап айтқанда, Алматы қаласының әуежайына 10 рейспен 1 348 жолаушы (анықтамамен - 1 209, анықтамасыз – 139), Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына 3 рейспен 264 жолаушы (анықтамамен - 256; анықтамасыз – 8) келген.

«Анықтамасыз келген Қазақстан азаматтары келген жері бойынша COVID-19-ға ПТР-талдау әдісімен тестілеуден өтті. Карантиндік стационарларда өз нәтижелерін күтіп жатыр. Бір күн бұрын, 2020 жылдың 14 желтоқсанында анықтамасыз келген 81 адамның ПТР-талдау нәтижелері бойынша Ыстанбұл – Алматы рейсімен ұшып келген Қазақстанның 2 азаматынан коронавирус инфекциясы анықталды», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Түркиядан ұшып келген Шри-Ланка мен Қырғызстан азаматтарында коронавирусқа тест анықтамаларының мерзімі өтуіне байланысты Алматы қаласының әуежайынан депортацияланды.