
Пандемия кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі 43 миллиард теңгені оңтайландырып, қажетті салаларға бағыттады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Пандемияның жағымсыз салдары болды, әсіресе одан шағын және орта бизнес зардап шекті. Жергілікті бюджетке те жыл басында болжанған түсімдер толық түспеуі мүмкін. Мемлекет ШОБ субъектілерін қолдау үшін жеңілдіктер жасады, сондықтан жыл соңына қарай шамамен 47 млрд теңге біздің бюджетке түспеуі мүмкін. Корпоративті табыс салығы бойынша да жыл басында төленуі тиіс 10 млрд теңгеден астам қаражат түспеуі мүмкін. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Нұр-Сұлтан әкімдігінің жергілікті бюджетін 43 миллиард теңгеге оңтайландырдық», - деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Үнемделген қаражат ең алдымен COVID-19 індетімен күреске, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар сатып алуға жұмсалған.
«Білім беру жүйесін дамытуға да көңіл бөлдік, себебі қашықтан оқыту форматы үшін аз қамтылған отбасы балаларына ноутбуктер мен роутерлер қажет болды. Әрі қарай әлеуметтік көмек көрсетуге, экономиканың нақты секторын қолдауға, инфрақұрылымды дамытып, тұрақтандыру қорын толтыруға мән бердік.
Жалпы алғанда елорданың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері оң нәтиже көрсетіп отыр. Пандемияға қарамастан, жүргізілген мемлекеттік шаралардың арқасында, негізгі капиталға 1 трлн теңге инвестиция түседі деп болжап отырмыз. Салыстырар болсақ, 2019 жылы 900 млрд теңгеден астам қаражат түскен еді», - деді Алтай Көлгінов.
