10 нау, 2021 сағат 07:56

Алматы мен Нұр-Сұлтан "қызыл аймаққа" енді

Алматы мен Нұр-Сұлтан вирустың тарауы бойынша "қызыл аймаққа" енді. "Сары аймақта" - Ақмола, Батыс Қазақстан, Атырау, Павлодар облыстары тұр. Қалған облыстар мен қалалар "жасыл аймақта".

Алматы қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің дерегінше, қалада R коэффициенті (бір науқастың қанша адамға вирус жұқтыратынын көрсететін көрсеткіш) 1-ден асқан, соңғы 7 күн ішінде 100 мың тұрғынға 47,5 науқастан келген. Вирустың 23 пайызы - ойын-сауық орталықтары, сауда үйлерінен, 22 пайызы қоғамдық орындардан табылған.

Сәрсенбі күні Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігерінің қаулысы жарияланып, қаладағы карантинге бірқатар өзгерістер енгізілді. Соңғы өзгеріс бойынша, жалпы білім беру мектептерінде кезекші сыныптарда балалар санын 15-тен 25-ке дейін арттыруға рұқсат етілген. Мектепке дейінгі білім беру мекемелері де бір топта 25 баланы оқыта алады. Бірақ жаңадан кезекші сынып ашуға тыйым салынған. СПА-орталықтар, салондар, массаж орталықтары бір мезгілде үштен астам адам қабылдай алмайды, бірақ жұмыс уақытында шектеу жоқ.

Алматы қаласы коронавирус жұқтырғандардың тәуліктік көрсеткіші бойынша көптен бері республика бойынша алда келеді. 9 наурызда Алматыда - 160, Нұр-Сұлтан қаласында 143 науқас анықталған. Олардың ПТР тесті оң шыққан. Сейсенбі күні қалған облыстар мен қалаларда тіркелген науқастар 100-ден аспаған. 8 наурыз күнгі ақпарат бойынша (денсаулық сақтау министрлігі 2 күн бұрынғы адам өлімі мен коронавирус пневмониясы дерегін жариялап жүр) 4 адамға коронавирус пневмониясы қойылған. 3 адам өлімі тіркелген: 2 адам - коронавирустан, 1 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған деп айтылады.

2020 жылдың 13 наурызынан бері елде 220 018 адамның ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен, басым бөлігі жазылған. 2821 адам қайтыс болған.

1 тамыздан бері 49 581 адамнан коронавирус пневмониясы анықталған, 647 адам қайтыс болған.

Қазір 18,4 мың адам коронавирустен емделіп жатыр (4 мыңнан астамына коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған).

Қазақстан коронавирус пен коронавирус пневмониясына шалдыққандар мен одан қайтыс болғандарды бөлек есептеп келеді. Бірақ халықаралық ұйымдар Қазақстандағы коронавирус ахуалы жайлы мәлімет берген кезде екі ресми мәліметті біріктіріп береді.