14 сәу, 2020 сағат 09:12

Коронавирус: БҚО-да тіркелген екі науқастың бірі Ресейден келген

Батыс Қазақстан облысында коронавирус індетін жұқтырған соңғы екі науқастың біреуі Ресейден келген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кетейік, өңірде инфекцияны жұқтырудың жаңа оқиғалары 13 сәуір күні анықталған болатын.

БҚО шұғыл штабынан мәлім еткеніндей, олардың екеуі де – әйелдер, 46 және 38 жастағы облыс тұрғындары.

Олардың бірі Ресейден келген. «Тасқала» автоөткелінде санитарлық-карантиндік бекет қызметкерлері тексеріп, сауалнама жүргізген кезде ешқандай шағымы болмаған. Содан кейін бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің биылғы 9 сәуірдегі №32 қаулысына сәйкес зертханалық тексеру үшін карантиндік стационарға жіберілді.

Екінші әйел бұдан бұрын коронавирус анықталған медицина қызметкерімен қарым-қатынаста болған. 

Диагностикалық зерттеулер қорытындысымен екі әйелде де COVID-19 табылғаннан кейін, олар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

Науқастармен байланыста болған адамдар анықталу үстінде. Ауру ошақтарында дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. 

Осылайша өңірде ауырғандар саны 11-ге жетті, олардың біреуі жазылып шықты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда медицина қызметкерінің коронавирус жұқтырғанын, өңірде індетпен күресіп жатқан 215 медицина қызметкеріне 22,6 млн теңге сомасына сыйақы төленгенін жазған болатынбыз. 

Соңғы мәліметтер бойынша, БҚО-да науқастар саны 11-ге жетті.