Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын жұқтыру деңгейі тұрақталды, мамандар мұны дер кезінде қолға алынған іс-шаралармен байланыстырады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СҚО-ның бас санитариялық дәрігері Арман Күшбасовтың пікірінше, облыс орталығын карантинге жабу өз нәтижесін беріп жатыр. Соңғы күндермен салыстырғанда коронавирус бойынша жағдай тұрақтанып қана қоймай, 5,7% төмендету мүмкін болған.
«Ауырғандардың басым бөлігі – Петропавлдан. Осыған орай 9 қарашадан бастап облыс орталығы мен оған шекаралас жатқан Қызылжар ауданын блок-посттар қойып, карантинге жаптық. Сенбі-жексенбі және мереке күндеріне локдаун режимі енгізілген. Бұдан басқа кей нысандардың жұмысын шектедік. Бұл – өз нәтижесін берді. Осыған дейін облыстағы барлық ауырғандардың жартысынан астамы Петропавлда анықталса, қазір оны 40% дейін төмендеттік», - дейді Арман Күшбасов.
Маманның айтуынша, КВИ-мен ауырған 1 адамның өзгелерді жұқтыру деңгейі 20% төмендеген.
«Коронавируспен ауырған бір сырқат орташа 3-4 адамға жұқтырады. Қазан айында ауырғандармен байланыста болып, КВИ анықталғандардың үлесі 13% құраса, тек соңғы аптада бұл көрсеткіш 50% құрады. Оларда негізінен аурудың белгілері жоқ», - дейді облыстың бас санитариялық дәрігері.
Арман Күшбасовтың айтуынша, Петропавлда әзірге, карантиндік шектеулер жеңілдетілмейді. Яғни сенбі-жексенбі және мереке күндері қоғамдық көліктер бұрынғысынша жұмыс істемейді.