Профессор Алмаз Шарман коронавирус инфекциясының мутацияға ұшырауына байланысты ел тұрғындарына сақтық шараларын күшейтуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман эпидемиологиялық ахуал мен коронавирустың ықтимал мутациясы жөнінде айтып берді.
«Вирустар үнемі мутацияға ұшырауға бейім. Бұл, айына кемінде екі рет мутацияланатын коронавирустарға да қатысты. Вирустар жаратылысынан – паразиттер. Олар иесінен, яғни адамнан тыс өмір сүре алмайды. Вирус жұқтырған адам қайтыс болғанда, онымен бірге вирус та жоғалады. Сондықтан иесінің өлімі вирус үшін тиімді емес. Вирус тірі қалып, адаммен бірге өмір сүрі үшін мутацияға ұшырап отырады. Бұл қалыпты эволюциялық процесс», - деп ойымен бөлісті ол.
А.Шарманның айтуынша, қазір коронавирус мутацияға ұшырауда және ол процесс үнемі болады. Соңында COVID-19 маусымдық инфекцияға айналмақ. Ал вакцинация бұл процесті тек жылдамдатады.
Сонымен қатар, профессор профилактикалық шараларды мүлтіксіз сақтау қажеттігін атап өтіп, жалпы ұсыныстармен бөлісті.
«Бетперде тағу – маңызды. Оны мұрын мен ауызды жауып тұратындай дұрыс тағу керек. Адамдар көп баратын орындардан, мерейтойлар, үйлену тойлары, еске алу шараларынан аулақ жүру маңызды. Әсіресе, жабық және аз желдетілетін ғимараттарда өтетін жиындардан сақ болған жөн. Қол гигиенасын сақтап, бөгде адамдардан екі және одан да көп метр қашықтықты сақтау қажет», - деді профессор.
Еске салсақ, бұған дейін БАҚ-та Ұлыбританияда коронавирустың жаңа штамының пайда болғаны туралы хабар тараған болатын.