10 қар, 2021 сағат 21:07

Коронавирус ауруханасы болған Halyk Arena спортпен айналысу үшін қайта ашылады


Алматыдағы Halyk Arena спортпен айналысу үшін қайта ашылады. Бұл туралы мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы тікелей эфирі барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«КВИ дертін тәуліктік тіркеу санының азаюына байланысты үшінші эшелонның инфекциялық стационарларындағы төсек-орын қысқартылып жатыр. Соның ішінде Halyk Arena спорт кешеніндегі ковид госпиталінің жұмысы тоқтатылады. Келесі айда оны негізгі профиль бойынша бұрынғы жұмыс режиміне қайтару жоспарланып отыр»,-деді Алматы әкімі. 

Сонымен қатар, Бақытжан Сағынтаев қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға тоқталды. 

«9 қараша күні Алматыда 134 адамнан коронавирус анықталды. Оның 130-ы симптомды, 8-і - анықталмаған пневмония. Тәуліктік өсім – 0,7%. Репродуктивті саны - 0,88»,-деді ол. 

Бақытжан Сағынтаев қала тұрғындарын коронавирусқа қарсы екпе алуға шақырды. 

Жақында ревакцинация басталатынына қарамастан, кейбір қала тұрғындары вакцинаның алғашқы компонентін әлі алған жоқ. 

Қала әкімінің айтуынша, алматылықтар өздерін және жақындарын қорғау үшін жауапкершілік танытып, вакцина алғаны жөн.