16 қыр, 2021 сағат 18:40

Коронавирус: Атырауда екі ай жансақтау бөлімінде жатқан науқас емделіп шықты


Атырауда екі ай жансақтау бөлімінде жатқан науқас емделіп шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Маржан Тілеулиева үш ай бұрын №2 облыстық аурухананың инфекциялық стационарына түскен. Кейін 2 ай 10 күн жансақтау бөлімінде жатқан. 

«Жансақтау бөліміне түскен кезде науқастың жағдайы ауыр дәрежеде деп бағаланды.

Тынысы тарылып, демікпесі күшейіп кетті. Сол себептен, оны алғашқы күннен оттегі аппаратына қостық. Оған 2 ай бойы тиісті ем-домын жасап, нәтижесінде жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырдық. Бүгін ауруханадан шықты», -дейді резидент-реаниматолог Дархан Жақсылық.

Коронавирус инфекциясынан сауыққан Маржан Тілеулиева тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырып отыр.

«Ауруханаға 18 шілдеде ауыр халде түстім. Дем жетпей, басым айналды. Жансақтау бөлімінде 2 айдан аса емделдім. Дәрігерлердің емдеу шарасын сәтті жүргізуінің нәтижесінде бір өлімнен аман қалдым. Қазір жағдайым жақсарды», - дейді Маржан Тілеулиева.