
2020 жылдың наурызынан қарашаға дейінгі КВИ-ге қарсы күреске қатысқан Алматының 8 мың медициналық қызметкері тұрақты жалақыларына қосымша үстеме ақы алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Коронавирус пандемиясы басталғалы Алматының Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты медицина ұйымдарының 8 мыңға жуық қызметкеріне 15 142 760,1 мың теңге көлемінде үстеме ақы төленді.
Үстеме ақының мөлшері дәрігерлердің қандай аймақта жұмыс жасағанына байланысты болды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, төлемдерді беру 3 тәуекел топтары бойынша жүзеге асырылды.
Бірінші тәуекел тобына (өте жоғары) - жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, COVID-19 науқастарына медициналық көмек көрсетуге қатысқан жансақтау бөлімдерінің және басқа да стационарлар қызметкерлері жатқызылды.
Осы тәуекел тобындағы бір қызметкерге берілетін үстеме ақы көлемі ең төменгі айлықтың жиырма еселенген мөлшерінен асқан жоқ. Осы топтағыларға жалпы сомасы 6 795 746,1 мың теңге төленді.
Екінші тәуекел тобына (жоғары) – провизорлық стационарлардың, провизорлық бөлімдердің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық көмектің дәрігерлері мен фельдшерлері, оның ішінде амбулаториялық жағдайда медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері енді.
Бұл тәуекел тобындағы бір қызметкерге берілетін үстеме ақы көлемі ең төменгі жалақының он еселенген мөлшерінен аспады. Аталған топқа төленген үстеме ақының жалпы сомасы – 6 223 334,0 мың теңге.
Үшінші тәуекел тобында (орташа) - карантиндік стационарлардың дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, жедел медициналық көмек бригадасының жүргізушілері, оның ішінде амбулаториялық жағдайда медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері болды.
Онда бір қызметкерге берілетін үстем ақы мөлшері ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінен аспады. Осы топтағыларға жалпы сомасы 2 123 680,0 мың теңге көлемінде үстем ақы төленді.
