Алматыда «симптомды» науқастардың саны артты. Бұл туралы онлайн брифинг барысында қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бастығы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ.
«Алматыда «симптомды» науқастардың салыстырмалы салмағы алдыңғы аптамен салыстырғанда 93%-дан 94%-ға дейін артты, бұл айналымдағы COVID-19 нұсқасының жоғары патогенділігін көрсетеді», - дейді ол.
Сонымен қатар, ол коронавирусқа неғұрлым бейім контингент - 20-дан 60 жасқа дейінгі азаматтар екенін атап өтті.
«Көбіне 20-39 жас аралығындағы жастар ауырды. Олардың үлесі 35,6% болды. 40-59 жас аралығындағы контингенттің 24,2% және 60 жастан асқандардың 23% тіркелген, бұл барлық жағдайлардың 83%-ын құрайды. 60 жастан асқан адамдардың ауыр халде және 1 жасқа дейінгі балалардың сырқаттанушылығының 1,5%-ға тұрақты өсуі алаңдатады», - дейді Жандарбек Бекшин.
Спикер брифинг барысында қалада инфекция жұқтыратын негізгі бес орынды атады.
«Ең бірінші орында сауда нысандары - 35 пайыз. Өткен аптада бұл көрсеткіш 3 пайызға өсті. Кейін отбасындағы байланыс - 18 пайыз, қоғамдық көлікте - 17,6 пайыз. Өсім - 1,4 пайыз. Төртінші - базарлар. Адамдар негізінен, 13 пайызы, азық-түлік базарында вирус жұқтырған. Бесінші - отбасылық іс-шаралар, той, мереке, қоғамдық шаралар. Тамыздан бастап барлық өңірде тойлар көбейіп жатыр. Онда вирус жұқтырғандар саны 2,1 пайызға көбейгенін айтқым келеді», - деді Жандарбек Бекшин.