
Ақмола облысы коронавирус инфекциясының таралуы бойынша кезекті рет «қызыл» аймаққа өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақмола облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина «қызыл» аймаққа тез өтуге не әсер еткенін айтты.
«Бүгін Ақмола облысы «қызыл» аймаққа өтті. Репродуктивті санды есептеу кезінде коронавирус инфекциясының таралуы өткен аптамен салыстырғанда 47 жағдайға көбейіп отыр. Репродуктивті көрсеткіш - 1,03. Ол көп болған жағдайда «қызыл» аймаққа өтеді», - деді А.Мусина.
Оның айтуынша, жағдай күн сайын өзгеріп отырады. Алдын ала бірдеме айтуға әлі ерте. Сондықтан, өзгерістер туралы алдағы аптада айтылатын болады.
Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Ақмола облысында COVID-19 расталған 6917 жағдай тіркелді. Бір тәулік ішінде 56 ақмолалық ауырып, 70 адам сауығып шықты. 411 адам инфекциялық стационарларда емделуде. Өлім саны-94. 25 желтоқсандағы репродуктивті көрсеткіш 1,03 құрады.
