Фото: ашық дереккөз
Бүгін қазақ поэзиясының мәңгілік шамшырағы, ұлы ақын Фариза Оңғарсынованың туғанына 85 жыл. Иисус Христостың туған күнінде дүниеге келген ақын бұл күнді аса жақтырмаған сыңайлы. "Таңдау мүмкіндігі берілсе, жеміс-жидек пісіп, қозы марқайған, адамның да етек-жеңі кең кездерінің бірін таңдар-ақ едім", - деп жазған екен Фариза апамыз естелігінде. Ult.kz Фариза Оңғарсынованың "Өмірбаян беттерінен" кітабынан үзінді келтіреді.
"Иисус Христостың туған күнінде дүниеге келдім"
Менің туған күнім — 25 желтоқсан, 1939 жыл. Бұл күнді "Інжілді" басшылыққа алатындар "Күннің туған күні" немесе "Күн туған күн" деп атайды. Күпірлік болса, Құдайдың өзі кешірсін, адамзат тарихындағы сәулелі тұлғалардың бірі Иисус Христос киелі қыз Марияның құрсағынан шыр етіп осы 25 желтоқсанда жерге түскен екен.
Нарын құмның арасында, асып-тасыған көл-көсір байлығы болмаса да, ақыл-парасаты мен текті болмысы үшін елі сыйлаған Бөкей ақсақалдың кіші қызы Халима мен аз-кем арабша сауаты, жергілікті жұрт "жездем балалары" деп атап кеткен, аруағы өзеннің арғы бетіндегі киіз үйді желбау-жасауымен сол күйі бергі бетке қондыра қоятын Құдайпенде бабамыздың тұқымы Иманғалиұлы Оңғарсынның отбасында оныншы перзент болып дүниеге келген менің Құдайдың аспанға іліп қойған Күнімен де, адамзатты адалдық жолына бұру мақсатында жүріп шәйт болған Христоспен де байланысым жоқ.
Жұлдыз қарайтындардың айтуы бойынша, мен Таутекемін. Айтас — мен тағатын қымбат тас. Ол да Қазақстанда табыла қоймайды екен. Жылым — қоян. Былай қарасам, әдетте сужүрек, желтабан деп ұғынатын кәдімгі қоянмен мінез-құлық, болмысымның ешбір ұқсастығы жоқ секілді. Алайда тағдыр-жолымның кей сәттерінде өзімді тазылы, қару-жарақты аңшылардан қашқан қояндай сезінетінім рас.
Қазақта түған күн деген ұғым жоқ. Оны бертін келе, өзге жұрттардың салт-дәстүріне еліктеп шығарып жүрміз. Мен туған күн пәлендей мақтанатын кез емес: жерді тұман басып, аспанның қабағы ашыла қоймай, әлемдік ұшақ алаңдарында қанаты қайырылған аққудай ақшаңқан ұшақтар бауырын жаза алмай отыратын, шуақты нұрынан гөрі бұлтты, ызғарлы күндері басым… әйтеуір бір шақ. Адамның ата-анасын таңдап алмайтыны секілді, дүниеге келетін күні де кісінің еркінде емес. Әйтпесе, жеміс-жидек пісіп, қозы марқайған, адамның да етек-жеңі кең кездерінің бірін таңдар-ақ едім.
"Көріксіз үшеуіміз қалдық"
Әкем Оңғарсын мен ес білмес бұрын бір күн ауырып, дүние салыпты. Еліне сыйлы, ашық-жарқын адам еді деседі.
"Оңғарсын жездем — ақ құба, ұзын бойлы, қапсағай денелі, қыр мұрынды, көзі нұрлы суреттей әдемі кісі еді. Ол кісі Текеге, Үйшікке барып тұратын. Оңғарсын жездем қаладан келгенде ауылдың бүкіл баласы: "Оңғарсынақам келе жатыр, алақай!" — деп жалаңаяқ жарысып, алдынан шығатын. Баланың бас-басына уыс-уыс мәмпаси, түрлі ойыншық үлестіретін, қыз-келіншектерге сақина-сырға, жеңгелеріне көйлектік мата әкелетін. Ел үшін жаратылған, қолы ашық, барын жоқ жұқаға бөліп беретін кісі еді, марқұм",— деп бертін келе Ұлболсын апам маған жиі айтатын.
Анам Халима көп сөйлемейтін, сөйлесе, ылғи мақалдап сөйлейтін, аса ақылды, рухани қуатты, құйған мүсіндей сұлу, қараторының әдемісі еді. Бізді айналып-толғанып не шылпылдатып сүйіп елпектемейтін. Бірақ барлық мейірім сол кісінің бойында деп сезінетінбіз.
Біздің үйдің тұңғышы — Бағила апам. Одан кейінгі Рәбилә мұғалім болатын, 1944 жылы қыста 5-6 күн ауырып, дүние салды. Рәбиләға тете Бақтығұл ағам аудан орталығындағы мектепте 9 класс оқып жүріп, аяқ астынан екі-үш күн ауырып, 1942 жылы қайтыс болған. Одан кішісі Махиз ағайым еді. Мамам марқұм, біз — Бағила, Махиз және мен жанында жинала қалсақ:
"Ақ жұмыртқадай жеті баламды жер алды, ең нашар, көріксіз үшеуің қалдыңдар — түрлерің қап-қара, үшеуің де нағашыларыңа тартқансыңдар",— деп отыратын. Нағашыларымыз Есенғұлдың (Беріштен тарайды) ішіндегі Қара Кейкі деген атадан екен.
"Ер балалармен жарысатынмын"
Біздің үйде кітап көп болатын. Араб, латын әріптерімен жазылған қисса-дастандар, ертегі-жырлар мені мектепке бармай тұрып-ақ қызықтырды. Аға-апаларым жатпай-тұрмай кітап оқитын.
Әлі есімде, менің алғаш өз бетіммен оқыған шығармам, ұмытпасам, латын әрпімен басылған жоғарғы кластың әдебиет оқулығындағы "Қорғансыздың күні" әңгімесі. Нысанбай ақынның "Кенесары-Наурызбай", Ығылман Шөрековтың "Исатай-Махамбет", Сара мен Біржанның, Құлмамбет пен Жамбылдың айтыстары — міне, мені ауыздандырған әдебиет суаттары осылар. Бұларды оқыған бала кітап оқуға құштар болмай қала алмайды. "Қыз Жібек", "Қозы Көрпеш — Баян сұлу", "Айман — Шолпан", "Қобыланды батыр" жырлары — менің балалық шақтағы ертегі әлемім.
Мен ылғи ер балалармен бірге өстім: қырда да, қыста да, көршілерімізде мен ғұрыптас қыз бала болып көрген емес; жасырынбақ, доп ойнау, соқыр теке, шілдік, асық ойындары мені ер балалардан жеңілмеуге тырысуға баулыды-ау деп кейін ойладым. Жазда құм арасында шырмауық, қарақат теріп, бұзауға мініп ауылға оралатынбыз.
Текемет басу, өрмек құру, ши тоқу, шылбыр, арқан есу — осының бәрі ауылдағы үлкен оқиғалар болатын. Біздің бала кезімізде шырпы сирек еді, көбіне қазандықтың астына от көміп немесе шақпақ тастың жанына мақта салып, болаттың сынығымен тасты жанамалап ұрғанда от шығып, мақта тұтанып, осылай от тамызатынбыз.
Бала кезде маған үлкен әсер еткен тағы бір жәй — қырдың түнгі аспаны. Жазда, күзде, көктемде жатар алдында далаға шықсаң, аспан беті самсаған жұлдызға толып, өзінің құпия әлеміне жымыңдап шақырғандай әсер беретін. Жеті қарақшы, Үркер, Ақбоз ат пен Көкбоз ат, Құс жолы…
"Директорға қарсы шығып, опық жедім"
Біздің мектептің директоры марқұм Кәки ағай Қадіралиев ұзын бойлы, ақсары өңді, сәл-пәл мақтанып сөйлейтін кісі еді. Өзі химия пәнінен бізге сабақ береді. Домбыраны керемет тартады. Білдей директорлығына қарамай, мектептегі домбыра үйірмесін басқарып жүрді. Бір күні сабақтан кейін жетінші Қазан төңкерісі құрметіне берілетін концертке әзірлік жүріп жатыр еді. Мектепте домбыра жоқ — әркім үйінен өз домбырасын алып келеді. Ағай да бізге қосылып, алдымызда домбыра тартып отырады. Сол күні домбырасын әкелмепті. Өзі тыңдап, кәдімгі дирижерлердей қолын сермелеп алдымызда тұрды. Мен домбыраны құрбыларымнан кем тартпаймын. Біраз балалар сабаққа келгенде кібіртіктеп қылғынып қалады, қолдары жүрмейді. Мен дұрыс тартамын, сондықтан басқалардан озып отырғандай әсер туғызатын болуым керек.
"Оңғарсынова, домбыраны маған бер де, өзің жүре бер, басқалардан озып отырсың",— деді ағайымыз.
Менің жазығым дұрыс тартып отырғаным ба деп ойладым да, домбырамды ұстаған күйімде, анам тігіп берген қоңыр сәтен сөмкемді асынып алып үйге тарттым. Директордың мінезі белгілі енді химиядан ебін тауып сүріндіру үшін менен күнде сабақ сұрайтын болады. Ол кезде бүгін баға алдым, ертең менен сұрамайды деген қазіргі балалардың қағидасы жоқ болатын. Тәуір оқитын балалар күнделікті пәндердің бәріне де дайындалып жүреді. Мен де солардың қатарындамын. Сол оқиғадан кейін химияға ерекше көңіл бөле бастадым.
Директордың айтқанын тыңдамай кете барғаным — ол кезде оқушы үшін өрескел бұзық қылық.
Менің мінезімнің шәлкестігінің тағы бір көрінісін айтқым келіп отыр. Оқырман "қасқыр екен", "бұзық екен" деген тіркестерді жұрттан бәрібір естиді. Онан да менің іс-қылығымның дұрыс-бұрысын өзі пайымдағаны дұрыс деп есептеймін.
"Неміс делегациясын үйден қуып шықтым"
Ұмытпасам, 1975 жыл. Мәскеудің Жазушылар Одағынан үйге телефон соғылды: Герман Демократиялық Республикасынан бір аудармашы Мәскеуге келді. Сіздерге, Алматыға, бара жатыр. Сіздің, Олжас Сүлейменов пен Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын неміс тіліне аударуға өздерінің бір баспасы тапсырған көрінеді. "Өлеңдеріңіздің орыс тілінде жолма-жол аударған нұсқасын дайындап қойыңыз",— деді.
Екі-үш күн өткесін әлгі әйелдің жанына Мәскеуден ерген аудармашысы "Жетісу" қонақ үйінен телефон соғып, қай жерде кездесуге болады деген өтініштерін білдірді.
"Ертең үйге келіңіздер",— деп, мекен-жайды айттым. Базардан жаңа сойылған қойды бас, ішек-қарынымен сатып алып, жанымыз қалмай әзірлендік.
Неміс әйелі жастау, Мәскеуден ергені — жасамыс. Олармен келіншегі Кларамен Әбіш келді. Неміс әйелі құмыраға отырғызылған гүл ала келіпті.
Қазы-қарта, шөп-шалам, қуырдақ жеп, коньяк ішіп, әңгіме соғып отырысты. Қазақтың ең нагізгі асы — етті әкелдім де, қойдың басын европалық әйелге ұсынып, халқымыздың дәстүрін түсіндіргенім сол еді — екі әйел бір-бірімен немісше күңкілдесті де, әйда келіп күлсін! Өздерін тоқтата алмай, сықылықтап қояр емес.
Мәскеулік әйел менің түсімнен ішкі дауылымды сезсе керек:
Қонақ кешірім сұрайды, тәрелкедегі басты көргенде, көгалда жайылып жүрген қой елестеп кетті деп отыр,— деді де, әлі күлкісін баса алмай отырған неміс әйеліне қарап, өзі тағы қосыла күлді. Бір табақ етті дастарқанға қойғаным сол — ешкім әлі ауыз тимеген болатын.
Мен күлкілерін тыйғанша күтіп тұрдым да, сәл бәсеңдей бергенде:
"Сіздер менің халқымның дәстүрін күлкі етіп отырсыздар, ал мен мұны кешіре алмаймын. Менің өлеңдерім неміс тілінде шықпай-ақ қойсын. Ал сіздер есігімді сыртынан жабыңыздар!" — дедім түсімді суытып.Әбіш не істерін білмей, от басқан күйі маған қадалып отыр:
"Бір ашуыңды маған бер, үйге келген кісіні қуып шығу ешбір халықта жоқ, мұның ұят",— деп шыжық-шырға болуда. Менің өлеңдерімнің неміс тілінде аударылуы осылай аяқталды.
Әбіш осы оқиғадан кейін үш-төрт ай менімен хабарласпай қойды. Бірақ мен кейін де өзімді кінәлі сезінген емеспін. Басқа бір ұлттың тіліне өлеңдерім аударылады екен деп, халқымның атам заманғы дәстүріне түкіртіп қояр жайым жоқ. Менің шатақтығым осындай.