10 қар, 2020 сағат 18:56

Қорғаныс министрлігі Алматыдағы логистикалық орталықтың заңсыз салынуына қатысты түсінік берді

Бұқаралық ақпарат құралдарында Қорғаныс министрлігінің «GlobalEсologicalGroupAlmaty» ЖШС-мен сот талқылауы туралы мәліметтер пайда болуына байланысты әскери ведомство түсінік берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Алматы қаласында Қорғаныс министрлігіне қарайтын 15 гектар жер телімі құқық белгілейтін құжат негізінде (1999 жылғы 29 қазандағы Алматы қаласы әкімінің № 905/189 шешімі) 2005 жылы Әкімшілік логистика орталығын салу үшін «GlobalEсologicalGroupAlmaty» ЖШС-ға заңсыз берілген болатын. Жерді берудегі заңсыздық 2009 жылдың 15 мамырында Алматы қаласы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының және 2020 жылдың 27 шілдесіндегі Алматы қаласы Азаматтық істер жөніндегі соттың аппеляциялық сот алқасының шешімімен белгілі болды» делінген ҚР ҚМ жолдаған хабарламада. 

Қорғаныс министрлігі қолданыстағы заңнамада белгіленген өз міндеттеріне сәйкес және прокуратура органдарының талаптары бойынша сотқа шағымданған. 2009 жылдың 15 мамырында Алматы қаласы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімімен жерді берудегі мәліме заңсыз деп танылған. Осыған қарамастан, өз ісінің заңсыз екені жөнінде хабардар бола тұра, «GlobalEсologicalGroupAlmaty» ЖШС-ның басшылығы құрылысты жалғастырған. 

Осы кезең бойы сот дауы бітпеген.

2020 жылы Алматының Азаматтық істер жөніндегі соттың аппеляциялық сот алқасы логистикалық орталықты бұзуға қаулы етіп, Қорғаныс министрлігінің пайдасына шешім шығарады.

«Логистикалық орталықтың құрылыстары орналасқан жер учаскесі әскери әуеайлақтың ұшу-қону жолағына тікелей жақын орналасқанын атап өту қажет. Бұл әуе кемелері мен азаматтық ғимараттарды пайдалануға қауіп төндіреді. 2019 жылдың желтоқсан айында Алматы әуежайының жанында салынған тұрғын үйге құлаған «Bek Air» әуе компаниясының ұшағының апатқа ұшырауы мысал бола алады. Сондай-ақ, осы аумақта орналасқан әуе базасы Қазақстан Республикасының әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіне кіреді», - деп мәлңмдеді ҚР Қорғаныс министрлігі.

Логистикалық орталықтың қызметкерлері үшін маңыздылығын түсіне отырып, Қорғаныс министрлігі бірнеше рет өзара қолайлы шешімді іздеу бойынша келіссөздер жүргізу туралы бастама көтерген. Сонымен бірге, аталған ұйымның ресми тұлғалары қызығушылық танытпай, қорғаныс ведомствосының ұсыныстарын назарсыз қалдырады.

Қазіргі уақытта, сот бұл мәселеге нүкте қойған кезде, Қорғаныс министрлігі диалогқа және өзара қолайлы шешімге келуге дайын екендерін мәлімдеп отыр.