20 сәу, 2022 сағат 15:35

Қорғаныс министрі Солтүстік өңірлік қолбасшылығы неге құрылмағанын түсіндірді


Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Қазақстан Қарулы Күштерінің дайындық деңгейі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз – сарбазбыз. Біз өз мемлекетімізді қандай жағдайда да қорғауға міндеттіміз. Мен Жоғарғы Бас қолбасшының тапсырмасы бойынша Қарулы күштердің дайындық деңгейін тексердім. Жақында ғана оқу-жаттығуды аяқтадық, қазір талдау жүргізіп жатырмыз. Қазақстан халқы тыныш ұйықтай алады дегім келеді. Проблемалар да бар – олар шешіліп жатыр. Жауынгерлік мүмкіндіктерді арттыру, материалдық-техникалық қамтамасыз ету процестері жүріп жатыр. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері басқа әскерлер мен әскери құрылымдар сияқты мемлекетіміздің конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығын қорғау бойынша өз міндетін орындайды», - деді Қорғаныс министрі Мәжіліс отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Сонымен бірге министр елімізде «Солтүстік» өңірлік қолбасшылығы неге жоқ деген сұраққа жауап берді. 

«Ұлттық қауіпсіздік бойынша тұтас стратегия бар, Қарулы Күштерді құру тұжырымдамасы бар, стратегиялық бағыттар бар. Қажеттілік болып жатса құрылады («Солтүстік» өңірлік қолбасшылық – ред.). Қазіргі уақытта мұндай өңірлік қолбасшылық құрудың қажеті жоқ деп есептейміз. Өйткені бұл аймақ Астана өңірлік қолбасшылығының құрамына кіреді», - деп түсіндірді Жақсылықов.