Конституцияның 91-бабына ешқашан, ешқандай өзгеріс енгізілмейді. Бұл жайында бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, билік тармақтары арасындағы өкілеттікті қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыс барысында Мәжіліс депутаты Бақытжан Әбдірайым халықпен кездесулер барысында еңкейген қарттан кішкене балаға дейін Тәуелсіздігімізді қорғау мәселесіне қатысты әртүрлі сұрақтар қоятындығын атап өтті.
«Жалпы, жұртшылық Конституцияның 91-бабына өзгерістер енгізуді толықтай қолдап отыр. Осыған орай Тәуелсіздігімізді, яғни мемлекеттік Тәуелсіздігімізді қорғау және қамтамасыз ету үшін жұмыс тобы нақты қандай шаралар ұсынады?» - деп сұрады Бақытжан Әбдірайым Президент әкімішілігі басшысынан.
«Бұл туралы баяндамада да айттым. Осы мәселе бойынша бізге де көптеген сұрақтар қойылды, ұсыныстар келді. Сондықтан Президент 91-бапқа Тәуелсіздік негізгі құндылық деп енгізді. Біз бұл мәселені осылай шештік. Осы бапқа ешқашан, ешқандай өзгеріс жасалмайды», - деп жауап берді Әділбек Жақсыбеков.