25 сәу, 2022 сағат 13:47

Конституциялық Кеңес Тоқаевтың өтінішін қабылдады


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өтініші іс жүргізуге қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне сілтеме жасап.

«Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан қарау туралы өтінішін конституциялық іс жүргізуге қабылдады», - делінген хабарламада. 

«Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» Конституциялық заңына сәйкес, аталған өтінішті Конституциялық Кеңестің отырысында қарау үшін қажетті материалдарды дайындау жұмысы жүргізілуде.

Конституциялық Кеңестің шешімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. 

Еске сала кетейік, ҚР Конституциясының 91 бабы, 2 тармағында «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді» деп көрсетілген.