31 қаң, 2023 сағат 16:15

Көлік саласын дамыту жұмысы ақсап тұр - Президент

Фото: Tengrinews.kz

Астанада көлік саласын дамыту жұмысы ақсап тұр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес отырысында айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Тағы бір маңызды мәселе – Астананың көлік жүйесін дамытуға қатысты. Автокөлік саны жыл сайын көбейіп жатыр. Сол себепті, көлік кептелісі өте күрделі мәселеге айналды. Бұл, тіпті, қала тұрғындарының ашу-ызасын туғызып отыр.

Мысалы, Мәңгілік ел даңғылы кептелістен көз ашпайды. Тәуелсіздік даңғылында салынып жатқан көпірдің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Сонымен қатар, кіші айналма жолдың құрылысы созылып кетті. Оның үстіне, жаңа тұрғын үй кешендерін салғанда жол мәселесі толыққанды ескерілмей жатыр.

Бір сөзбен айтқанда, көлік саласын дамыту жұмысы ақсап тұр. Сондықтан, мәселемен жүйелі түрде айналысу қажет» - деді Президент.

Сондай-ақ, ол қала жолдарының жай-күйі де мәз емес екенін баса айтты.

«Мысалы, кейбір көшелер жыл сайын жөнделеді. Бірақ көктем шыққанда жолдың сапасы сын көтермейді.

Ал, кейбірі мүлдем қараусыз қалған. Бұл – жол салу және жөндеу жұмыстары дұрыс жүргізілмейді деген сөз. Бұл мәселені Үкімет мен әкімдік арнайы қарауы керек. Қажет болса, мердігерлерді ауыстыруға тиіс» - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, Астанаға 400-ден астам автобус жетіспейді.

«Келесі мәселе – қоғамдық көлік жүйесін дамыту. Мен қала ішінде адам көп жүретін бағыттарды анықтап, автобустың жиі қатынауын қамтамасыз ету жөнінде нақты тапсырма бердім.

Бірақ тұрғындар әлі күнге дейін аялдамада жарты сағат бойы тұруға мәжбүр. Тіпті, кейде жолаушылар автобусқа сыймай жатады. Қазір Астанаға 400-ден астам автобус жетіспейді. Алдағы 5 жылда бұл тапшылық 2 есе артуы мүмкін. 400 аялдамада автобус тоқтайтын арнайы орын қарастырылмаған. Ал 300 аялдамада жабық павильон жоқ. Бұл мәселе, әсіресе, қыс кезінде өте өзекті.

LRT-ға қатысты жұмысты мейлінше тездетіп аяқтау керек. Мен бұрын да айттым, LRT жобасы негізінен қате болды. Бірақ қазіргі таңда басқа амалымыз жоқ, бұл жобаны жүзеге асыруымыз керек. LRT-ның құрылысын тоқтатсақ, шығын одан да көп болады. Ал, балама жобалар жоқ. Жалпы, әкімдікке Үкіметпен бірлесіп, Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырамын» - деп түйіндеді Президент.