10 жел, 2020 сағат 09:30

Көлік полицейлері тағы да жоғалған ірі көлемдегі ақшаны иесіне қайтарды

Көлік полицейлері жолаушылардың жалпы сомасы 6 млн теңгеден асатын, абайсызда жоғалтқан ақшаларын тауып, иесіне қайтарды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Биылғы жылдың 7 желтоқсанында Қ.Нұралы есімді азамат «Алматы–Нұр-Сұлтан» бағытымен ұшу үшін Алматы қаласының әуежайында тексеруден өткен болатын. Оның сырт киімінің ішкі қалтасында 740 000 теңге және 1 600 АҚШ доллар сомасында ақша қаражаты болған.

Қ.Нұралы ақшасының жоғалғандығын әуе кемесінің бортында отырғанда бірақ білген. Елорда әуежайына ұшып келген соң, ол бірден Нұр-сұлтан қаласы әуежайындағы Желілік полиция бөліміне ірі көлемдегі ақшасының жоғалғаны туралы өтініш білдірді. ЖПб қызметкерлері бұл туралы дереу Алматы қаласындағы әріптестеріне хабарлады.

Алматы қаласы әуежайындағы көлік полицейлері жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізіп, нәтижесінде ұшу алдындағы тексеру пунктінің жанынан жоғалған ақшаны тауып алды. Ақша заңды иесіне қайтарылды.

Өз кезегінде елорда тұрғыны Қ.Нұралы жоғалған ақшасын өзіне қайтарған полицейлерге алғысын білдірді.

Көліктегі Полиция департаментінің басшылығы қызметтік міндеттерін үздік атқарған полицейлерді марапаттауды жоспарлап отыр. 

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 27 қарашасы мен 2 желтоқсанында көлік полицейлері Ресей Федерациясының азаматы М.Сухомлиновқа және Жулановтар отбасына жоғалған құжаттарын және 5 млн теңгеден астам ақша қаражаттарын тауып, қайтарып берген болатын.