Апат салдарынан екі аяғынан айырылған Алматы тұрғыны Екатерина Парафиева жаттығуларын көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін сіздерге жаттығуларымнан үзінді көрсетемін. Әрине, машықтарды орындау оңай соғып жүрген жоқ. Ауруханада жатқанда әлсірегенім соншалық, тіпті қолымды көтеруге мұршам болмайтын еді. Міне, жарты жылдан кейін нәтиже айқын көрініп тұр», - дейді Екатерина.
Ол Алматыда болған жол апатында екі аяғынан айырылған болатын. Бірақ ерік-жігері мықты жан жұртқа қайсарлықтың үлгісін танытып келеді. Оның оңалуына волонтер Кира Ударцева көмектесуде.
Екатерина жан түршігерлік оқиғаға дейінгі белсенді өмір салтын жалғастыруға барын салып жатыр. Оның әлеуметтік желідегі фотосуреттері де осыған айғақ. Уақытының бәрін қызымен өткізеді, жаттығады, бокстың қыр-сырын да үйреніп жүр, тіпті тау асып та келді.
Екатерина Парафиева, бұдан тыс елімізде және шетелде танымал Nomad Stunts каскадерларының қонағы болып қайтты.