Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов 6 шілде – Астана күні қалай тойланатынын айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"
"Алда қала күні. Қалада қандай мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады? Олар қандай форматта өтеді? Тұрғындар мен қала қонақтарына арналған отшашу бола ма?", - деп сұрады журналистер Орталық коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингінде.
«Әрине, қала күні – тұрғындар үшін ерекше күн. Адамдардың тойлағысы келеді, оның үстіне, көптеген адамдар мерекені күтіп жүр. Бірақ эпидемиологиялық жағдайға байланысты жоспарларымызды өзгерттік. Жыл басында жоспарларымыз болды, бірақ қазір санитарлық дәрігерлердің талаптарын ескере отырып, жабық ғимараттардағы барлық шаралар онлайн форматқа көшуде, көптеген іс-шаралар тоқтатылды. Ал көшедегі шаралар әлеуметтік қашықтық пен санитарлық талаптарды ескере отырып өткізіледі», - деді Көлгінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, әкім қала күні әлеуметтік бағытта өтетінін атап өтті.
«Біз көптеген үйлерді пайдалануға береміз, кезекте тұрған 400 адам пәтер алады, зағип балаларға арналған балабақша ашамыз, 20 көппәтерлі тұрғын үйді үлескерлерге пайдалануға береміз, қала шеттерінде дене шынықтыру кешені ашылады. Біз пайда әкелетін нақты жобаларға назар аударғымыз келеді. Әрине, адамдарды да қуантқымыз келеді, бірақ іс-шаралар қысқартылды. Отшашу жоспарланбайды», - деді.
Әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, елорда күніне арналған іс-шаралар онлайн форматта өтеді, ал қалған бөлігі өтпейді.
Елорданың бас мемлекеттік санитария дәрігері Сархат Бейсенованың қаулысына сәйкес жабық орындар мен концерт залдардағы іс-шараларға тыйым салынған. Сондай-ақ ашық ауадағы аттракционның барлық түрінің жұмысына тыйым салынады.
Толымдылығы 20 пайыздан аспайтын театрлардың, сондай-ақ ПТР-тесттері бар жылжымалы концерттердің жұмысына ғана рұқсат етіледі.
Сол сияқты Ashyq жобасы негізінде карантиндік шараларды қатаң түрде сақтай отырып, ашық ауада өтетін іс-шараларға рұқсат етіледі.
Мысалы, 6 шілде күні "МузАрт" онлайн-концерті жоспарланған. Онлайн-трансляция бойынша барлық ақпарат Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының Instagram желісіндегі @ns.madeniet парақшасында жарияланады.
Елорда күнін мерекелеу әлеуметтік жобаларға арналады және тек әлеуметтік сипатта болады. Нақтырақ айтқанда халықтың әлеуметтік осал топтары арасында кезекте тұрғандарға баспана кілтін табыстау, құрылысы ұзаққа созылған 20-ға жуық үйді аяқтау, Өндіріс және Көктал аудандарындағы ірі дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру іс-шарасы өтеді.
Сонымен қатар, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мамандандырылған балабақша ашылады, 50-ден астам ауланың, 10-ға жуық қоғамдық кеңістіктің құрылысы аяқталады.
