Қазақстанда өндірістен енді ғана шыққан немесе импортталып келген кез келген өнімге тұтынушыға жеткенше онлайн-мониторинг жүргізу керек. Қаржы министрлігі көлеңкелі экономикамен осылай күресуді жөн көріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біріншіден, бизнесті көлеңкеде жүргізу – жағымсыз пиғылдылардың ісі. Екіншіден, салықтан жалтарғандар өз бизнесін жасырын жүргізгісі келеді. Бірақ, ондай көлеңкелі бизнес өкілдері Мемлекеттік кірістер комитеті келіп, келешекте одан да үлкен проблема туындатуы мүмкін екенін ұмытып кететін болуы керек. Менің ойымша, қазіргі таңда салық төлеп, бизнесін ашық жүргізіп отырған кәсіпкерлер өз бизнесін жабық жүргізіп, жасырын көлеңкеге «кіріп кетіп» отырғандардан шығын көріп отыр. Сол себепті, бәсекелі орта болуы керек. Яғни, жауапты бизнес өкілдері өзі секілді бәсекелестерімен жарыса жұмыс жүргізуге мүмкіндік алуы тиіс. Сонда ғана Қазақстанда дұрыс нарықтық орта жұмыс жүргізер еді», - деді ҚР бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов Үкіметтің баспасөз орталығында.
Оның айтуынша, еліміздегі көлеңкелі экономика сауда, құрылыс саласын жаулап алған. «Біз қандай шара қабылдап жатырмыз? Қазақстандағы өндірістен енді ғана шыққан немесе импортталып келген кез келген өнімге тұтынушыға жеткенше онлайн-мониторинг жүргізілуі керек. Тауардың қозғалысына толыққанды мониторинг бастаймыз. Осы қадам толық ашықтықты қамтамасыз етіп, көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендетеді», - деді вице-министр.